Қазақстанда темекі қымбаттайды

0 15

Алдағы жылдары акциздердің көтерілуіне орай темекі бағасы өседі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Бүгін Сенатта тілшілер Қаржы министріне темекіге және құрамында қанты бар сусындарға акциздер енгізуге қатысты сұрақ қойды.

«2024 жылға дейін темекіге акциз мөлшерлемесін 35 еуроға көтеруді жоспарлап отырмыз. Яғни мың дана темекіге шамамен 16 мың теңге болады. Бұл ретте есептеп көрсек, бір қорап темекі үшін 300-350 теңге шығады», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан бөлек ол құрамында қанты бар сусындарға қатысты Үкімет деңгейінде талқылау жүріп жатқанын айтты.

«Осы орайда талқылаулар қорытындысы бойынша тиісті мәліметті жариялап, Парламентке келеміз. Біз үшін тиісті теңгерімді сақтау керек, яғни ұлт денсаулығы басты мәселе болып саналады. Сонымен қатар, кәсіпорындар да зардап шекпеуі керек, бұл кәсіппен шағын және орта бизнес айналысады. Сондықтан осының барлығын егжей-тегжейлі пысықтаймыз», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, темекі бойынша келісім ратификацияланған және 2024 жылға қарай мың дана темекіге акциз теңгелік мәнде 35 евроға дейін артады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.