Жыл соңына дейін Сайран көлінің табанын тазарту жоспарда бар. Бұл туралы Алматы әкімі тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2022 жылдың соңына дейін Сайран су қоймасының түбін механикалық тазарту жұмыстары басталады. Іргелес аумақты қатар абаттандыра отырып, су қоймасын қайта құруға жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірленуде. Әзірлеу аяқталғаннан кейін 2023 жылдың 2 тоқсанында жөндеу жұмыстарына кірісу көзделген»,- дейді Ерболат Досаев.
Бұған дейін шаһардағы үш су қоймасының табаны тазартылатыны туралы жазған болатынбыз.
Техникалық ерекшелікке сәйкес, жоба келесі міндеттерді қамтиды:
— су түбін тұнба мен шөгінділерден тазарту;
— жобада жергілікті жағдайларға және мамандандырылған техниканың болуына байланысты тазартудың неғұрлым қолайлы тәсілін (немесе тәсілдер комбинациясын) анықтау;
— жағалауды қоқыстан тазарту;
— су айдындарының түбін және жағалауды өсімдіктерден (қамыс, балдыр, жабайы өсінділер) тазарту;
— тұнба көп жиналған аймақтарды тереңдету (зерттеу нәтижелері бойынша анықтау);
— эрозияға және шайылуға ұшыраған жекелеген учаскелерде жағалауды бекіту құрылғысы.
Жұмыс жобасында мыналар қамтылады:
— су объектілерінің экологиялық жай-күйін қалпына келтіру, қорғау шаралары;
— су басу және судың тіршілік әрекетін бұзу қаупі мен салдарларын азайту шаралары;
— гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
— су қоймаларының гидравликалық сипаттамаларын, ұзақ уақыт бойы алынған оң өзгерістері сақтау;
Еске салайық, шілде айында бактериялардың анықталуына байланысты Сайран көлі құрғатылған болатын.