12 тамызда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ол 15 тамызға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады. Жалпы 43 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 42 пайызы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 71 балл. Бір қатысушы максималды 150 балдың 140-ын жинады», — делінген орталық мәліметінде.
Кешенді тестілеу өткізу барысында 328 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 176 адам смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 148 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сонымен қатар постпрокторинг қорытындысы бойынша 4 адамның нәтижесі жойылды. Олар емтихан материалдарын суретке түсіріп, аудиториядан алып шығуға тырысқан.
«Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда оқуға түсетіндер апелляцияға электронды өтініш бере алды. Биыл апелляцияға 20 мыңнан астам өтініш берілді, оның 121-і бойынша оң шешім жасалды. Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде беріледі. Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттар құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады», — деп аталып өткен хабарламада.
«Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсетін адам білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсетеді. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 16-20 тамыз аралығында өтеді. Жалпы 2022-2023 оқу жылына магистратура бойынша 13 мыңнан астам грант бөлінді. Гранттардың ең көп саны педагогикалық мамандықтар үшін қарастырылған – 3642. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 3429 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 1278, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1233, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен биоресурстарға 527 грант бөлінді», – деді ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Естеріңізге сала кетейік, білім беру гранттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ жұмыс берушілердің кадрларға қажеттілігі бойынша деректері негізінде бөлінген.
Білім гранты иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады.