Прокурор Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

0 13

Елорданың Байқоңыр аудандық №2 сотында өтіп жатқан процесс барысында прокурор күдікті Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түпкілікті мүлкін тәркілеу және лауазымды қызметпен айналысуға 10 жылға құқығын шектеу арқылы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны ретінде орташа қауіпсіз мекеме айқындалсын. Президентке Сатыбалдыны ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры атағынан, сонымен қатар «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін. Сатыбалдының тұтқында ұсталған уақытын тұтқындағы бір күн 1,5 күнге тең деп есептелсін», — деді прокурор Жангелді Есебаев.

Сот отырысы барысында Қайрат Сатыбалды жаза түрімен келісетінін мәлім етті.

Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.

Ал оған қатысты сот отырысы 20 қыркүйек күні басталған еді.

Тамыз айының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында заңсыз сатып алынған активтер мен айыпталушылардың жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам немесе 500 миллион АҚШ долларынан астам ақшалай қаражаты мемлекетке қайтарылды.

Сатыбалдыұлына қатысты салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істер қосымша тергеліп жатыр.

Айыпталушылардың басқа да заңсыз активтерін іздеу белсенді түрде жалғасуда.

Елде және шетелде қосымша жылжымайтын мүлік, автомобильдер және жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам немесе 900 миллион АҚШ долларынан астам ақшалай қаражат жақын арада мемлекетке қайтарылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.