Қазақстан аумағынан күн сайын 40 мыңнан астам адам шығады. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күн сайын 40 мыңнан астам азамат Қазақстаннан шығады. Күн сайын 15-17 мың қазақстандық Ресей Федерациясына барады. Онда туыстары, балалары оқиды, ата-аналары тұрады, құдалар, бизнес және басқа да істері бар. Яғни, шекарадағы кептелістер қайтқан кезде, өкінішке қарай, оларға да әсер етті», — деді Аслан Аталықов ІІМ баспасөз қызметіндегі брифинг барысында.
Ол Қазақстанның Ресеймен құрлық шекарасының ұзындығы 7 591 шақырым екендігін, бұл әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы саналатынын айтты.
«Сондықтан үлкен көші-қон ағыны, әрине ең алдымен көршілікке байланысты. Бұл жерде Ресей Федерациясының азаматтарына Қазақстанның транзиттік әлеуеті туралы да ұмытуға болмайды», — деді Аслан Аталықов.