Сенат депутатының бір орнына 6 адамнан үміткер. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың 29 қарашасы мен 14 желтоқсаны аралығында Парламент Сенаты депутаттыңына 130 кандидат ұсынылды. Осылайша, бәсекелестік 1 депутат орнына 6 адамнан астамды құрайды. Өңірлер арасында Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында ұсынылған канидаттардың саны басым – 8 адамнан, Астана мен Алматыда – 10 адамнан. Ең аз үміткер Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында ұсынылды – 5 адамнан. Шымкент қаласында бір орынға 6 кандидат үміткер», — деді ол бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның дерегінше, кандидаттардың орташа жасы — 50,5 жас. Ең жас кандидат Ақтөбе облысында – 30 жас. Ал ең жасы үлкені Батыс Қазақстан облысында – 74 жаста. Кандидаттардың 25 пайызы, яғни 130 адамның 33-і — әйел.
«Қазіргі уақытта кандидаттарды тіркеу процесі жүріп жатыр. Ол 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Бүгінге дейін сайлау комиссиялары 49 кандидатты тіркеді. Бәсекелестік барлық өңірде бар. Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындысы күнтізбелік жоспарға сәйкес жеке отырысымызда қаралады. Тіркеу кезеңі 24 желтоқсан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады», деді Константин Петров.