«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру жалғасады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасын іске асыру жалғасатын болады. Тиісті шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 123 қаулысымен қабылданды», — делінген ҰБ мәліметінде.
Атап айтқанда, 2023 жылы бағдарлама бойынша несие беру үшін 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Жеңілдетілген төмен пайызбен несие беру арқылы азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алады.
«Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалады», — деп нақтылады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Аталған бағдарлама аясында 2022 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 852,2 млрд теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген төмен пайызбен қарыз берілді.
Қаулының толық мәтінімен ҚР Ұлттық банкінің сайтында танысуға болады.