Биыл 15 ақпаннан бастап бір жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ашық талқыға шығарған тиісті бұйрығында көрсетілген, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Берілетін лимит тек ғылыми мақсаттар үшін бөлінеді. Ғылыми мақсатта киіктерді алуға ұсынылған квоталар ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық, зооноздық инфекциялар институты, ҚР БҒМ Зоология институты және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты үшін кепілдендірілген. Қосымша квоталар, оның ішінде басқа ұйымдар үшін де облыс деңгейінде бөлінген лимиттер шегінде бөлінуі мүмкін», — делінген құжатта.
Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде жазылғандай, бұл норма 2023 жылдың 15 ақпанынан келер жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта аң аулау кезеңінде қолданылады.
Ғылыми мақсатта Қазақстанның 4 облысы аумағында 1 815 киікті атуға рұқсат берілмек.
Өңірлер бойынша бекітілуі мүмкін лимит:
Ақмола облысы – 705 киік;
Қарағандыда облысы – 700 киік;
Қостанай облысы – 210 киік;
Батыс Қазақстан облысы – 200 киік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі биыл киіктерді атуға рұқсат берілмейтінін мәлімдеп еді.