“Жігіттер” квартетінің мүшесі Бағлан Әбдрайымов анасының сырқатына ем таппай, еліміздің бірнеше қаласында ота жасалғанын айтты, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына сілтеме жасап.
Бағдарлама жүргізушісі бір кездері Бағланның анасы сырқаттанып, комаға түсіп қалғанын айтты. Ол Бағланнан анасының қазіргі жағдайын сұрады.
“Анамды айтып едіңіз көңілім босап кетті. Қазір жағдайы жақсы, ақырындап таяқпен сүйеніп жүреді. Ауырып жүрген кездері өмірімде бірінші рет анамның алғысын естідім. “Өмірге қайта келуіме әуелі Алла мен дәрігерлер себеп болса, содан кейін шапқылап жүргенім – сенің арқаң. Саған рахмет”, – дегенде таңғалып қалдым. Анам алты ай комада жатты. Біз суық хабарға да дайын болдық. Себебі, дәрігерлер нақты диагноз айтпады”, – дейді өнер иесі.
Әнші дамыған елде өмір сүріп жатса да, кей ауруханаларда МРТ аппаратының жоқтығын айтып, қалталы азаматтарға ренішін білдірді.
“Түлкібастағы ауруханада 1 ай жатты. Осы орайда, кейбір өңірлік жерлердегі ауруханаға бір МРТ аппаратын апарып орнатқан дені сау бай көрмедім. Бір-бір аппарат алып қойғанда қаншама адамның өмірін алып қалар ма еді? Дәрігерлер диагноз қоя алмады. Дене қызуы 40-тан түспейді. Сөйтіп Шымкенттен санавиация келіп, сол жерден МРТ жасап, басын түсірдік. Содан кейін ғана нақты диагнозы белгілі болды. Алматыдағы оңалту орталығына апардық, Астанада, Шымкентте ота жасалды. Ота жасалған соң араға алты ай салып анам оянды. Сол кезде тізесін құшақтап, аяғын сүйіп отыратынмын. Алланың қалауымен айығып кетті”, – деді Бағлан.
Өнер иесі қазіргі кезде өзін мазалап жүрген ойларымен бөлісті.
“Дүниеде оңбаған мен ғана шығармын. 20 жыл сахнада жүріп әкеме көлік алып бермегенмін, қысы қатты ауылдағы үйге әжетхана орнатпағанмын, жақсы үй салып бермегенмін, әке-шешемді шетелге апармағанмын, мұным ұят. Осы күнге дейін не істеп жүргенмін? Басымда қарызым бар, анам ауырып қалды, менің үстімнен біреулер шағымданады, үйге барсам, белгісіз біреулер мені ауламда күтіп отырады.
Бірде Төреғалидің жиынына бардым. Ол кезде 2006 жылғы BMW маркалы көлікпен жүргенмін. Төреғалидің есік алдында көлігімнен түсіп, заттарымды пакетке салып, көлігімді беріп, Төреғали екеуіміз жая қайтқанбыз. Қарызды шешу керек болды. Әкеме көлік сыйлап, өзіме баспана алсам, “қарыз” деген аурудан айығып кетсем деген тілегім бар”, – деді ол ағынан жарылып.
Бағлан Әбдрайымов ойынқұмарлыққа қалай келгенін, қарызға батуына не себеп болғанын айтып берді.
“Маған ойынхана ұнайтын. Алғашында, ол жаққа тек бай, мықты адамдар ғана баратындай шетел болып көрінді. Жылтырағанға бәр құмар ғой?! Ойынхана – бөлек, рахат әлем. Ең бірінші, Ұзынағашта тойда жүргенде Болатбек деген бауырымыз: “Қапшағайға барамыз, электронный казино ойнаймыз. Барасың ба?” деп шақырды. Мен келістім. Сол кезде нақты ойнауға бардым. Кімнен қарыз алғанымды, кімге қанша қарыз болғанымның есебін білмей қалдым. 75 мың доллар ломбардтан 10 пайызбен қарыз алдым, казинодан, жан-жақтан алған ірі қарыздарым бар, өз дүние-мүлкімнен бөлек, 220 мың доллар қарыз болғанмын. Кейін үйімді, екі көлігімді саттым. Олардың бәрін қосқанда шынымды айтсам, есебі жоқ. Ештеңе қалмады. Дымсыз қалған соң тоқтадым”, – деді ол сұхбатында.