Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп күн электр стансасын салып жатыр

0 16

Қазақстан мен Қырғызстан 100 пайыз қазақстандық инвестицияның қатысуымен Қырғызстан Республикасында алғашқы күн электр стансасын салу бойынша бірлескен жобаны іске асыруға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қырғызстан Республикасы жаңартылатын энергия көздерінің жоғары әлеуетіне ие, олардың негізгі түрлері — су энергиясы, күн энергиясы, жел және биомасса энергиясы.

Жаңартылатын энергия көздерін, атап айтқанда күн энергиясын пайдалану жобаларының бірі – қазақстандық инвесторлардың Ыстықкөл облысының Тору-Айғыр ауылындағы күн электр стансасы.

2022 жылдың желтоқсан айының соңында «ТехноГруппСервис» компаниялар тобының еншілес ұйымы қазақстандық жеке меншік TGS-Energy Limited компаниясы және «TazaEnergy» ЖШС-нің еншілес ұйымы Қырғызстан Республикасының 9лттық энергетика холдингі «Тору-Айғыр» күн электр стансасының құрылысы бойынша «Кун булағы» ЖШС-нің қырғыз-қазақстандық бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде жарғылық құжатқа қол қойды.

«TGS-Energy» мәліметінше, жобаның мақсаты — Қырғызстанда электр энергиясын тұтынудың өсімі жағдайында оның тапшылығын азайту үшін электр энергиясын өндіруді арттыру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіруді көбейту.

Күн электр станциясы құрылысының бас мердігері — «TGS-Construction» ЖШС.

Қазіргі уақытта жобаны іске асыру бастапқы кезеңінде, күн электр стансасын салуға жер телімдері бөлінді, жалпыға ортақ желіге қосылудың техникалық шарттары әзірленіп, жобалық-іздену жұмыстары жүргізілуде.

Қырғызстанның «TazaEnergy» компаниясының директоры Искендер Бейшеналиев күн электр стансасын салу жобасы стратегиялық, сонымен қатар Қырғызстан тарихындағы бірінші және ең ірі жоба екенін атап өтті.

«Бұл жоба Қырғызстанның ЖЭК әлеуетін іске асыруға және Ыстықкөл аймағын жоғары технологиялық процестерді қажет етпейтін экологиялық таза энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда тиісті құжаттарды жинау жұмыстарының басым бөлігі жүргізілді, жер телімін трансформациялау процесі жүріп жатыр, оны ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін аяқтау күтілуде», — деп қосты ол.

Жобаның жалпы қуаты шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайтын 300 МВт. Қуаты 50 МВт болатын құрылыстың бірінші кезеңі 34,3 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.

Оның ішінде жоба құнының 20% «TGS-Energy» компаниясының үлесіне тиеді, қалған қаржыландыру банк несиесін тарту арқылы жүзеге асады.

СЭС-ке дұрыс қызмет көрсету жағдайында оның қызмет ету мерзімі 20 жылдан асады. Бірінші кезеңнің құрылысы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Дәстүрлі энергия көздерімен салыстырғанда Қырғызстанда ЖЭК енгізу және пайдалану энергия тапшылығын азайтуға және елдің шалғай аудандарын дамытуға, сондай-ақ қоршаған ортаға экологиялық залалдың деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұл ауқымды жоба Қазақстан мен Қырғызстанның «жасыл» энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, екі елге жоғары экологиялық стандарттарды ескере отырып, энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.

Фото: Getty Images

Leave A Reply

Your email address will not be published.