Бүгін таңертең Астанадағы қосалқы стансалардың бірінде өрт болып, салдарынан 23 тұрғын үй жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімдігі таратқан мәлімет бойынша, бүгін сағат 8.20-да қуаты 110/10 кВ болатын «Заречная» қосалқы стансасында секцияны ажыратқыш ұяшықтар өртеніп, салдарынан №1 және №2 қуаттық трансформаторлар апаттық жағдайда тоқтатылған.
«Сағат 8.40-та қосалқы стансаға өрт сөндіруші топ келіп, тілсіз жауды сөндіруге кірісті. Сағат 9.40-та өрт ауыздықталды.
Технологиялық ақаудың себептері анықталып жатыр. Апаттан кейін қалпына келтіру бригадалары өртенген қондырғыларды ауыстырып, сынақтан өткізеді.
Электр энергиясын беру шектелген 23 тұрғын үй кешені бар (А.Байтұрсынұлы, Б.Момышұлы, Керей-Жәнібек хандар, Ә.Бөкейхан, Түркістан, Мәңгілік ел, Телман кенті)», — деп жазылған ресми мәліметте.
Әкімдіктегілердің хабарлауынша, үйлерге жарық электр қуатын беру өртенген қондырғылар тлоық тексеруден өтіп болғаннан кейін беріледі.