Қазгидромет синоптиктері 6-8 сәуір аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атмосфералық фронттардың әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты көрініс береді — 6-8 сәуірде оңтүстікте, 7-8 сәуірде оңтүстік-шығыста кей уақытта қатты жаңбыр жауады.
7 сәуірде Скандинавия аудандарынан солтүстік-батыс антициклонның ықпалымен еліміздің солтүстік-батысы мен солтүстігінде ауа температурасы күрт төмендейді.
Сондай-ақ жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін.
Республика бойынша жел күшейеді, оңтүстік өңірлерде — тұман, шаңды дауыл мен найзағай, солтүстікте, солтүстік-батыста – көктайғақ болжанады.
Солтүстік пен солтүстік-батыста ауа температурасы түнде 2-12 аязға дейін, күндіз 5 аяз — 7 жылыға дейін төмендейді.