Әлемде 5G абоненттерінің саны 1 млрд асты – Қазақстанға жаңа буын қашан келеді

0 19

 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемде 5G желісі абоненттерінің саны алғаш рет 1 миллиардтан асты, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге өскен, деп хабарлайды Finprom.kz ресурсы.

Бесінші буын желілерінің үлесі бір жылда 6,7%-дан 12,5%-ға дейін артқан және өсу динамикасы әлі де жалғасады.

Ericsson болжамынша, 2028 жылдың соңына қарай 5G абоненттерінің саны 5 млрд-қа жетеді, бұл нарықтың жартысынан астамын (53,9%) құрайды.

Өз кезегінде, 2022 жылы 4G абоненттерінің саны 5,2 млрд немесе нарықтың 61,5%-ын көрсетіп, ең жоғары деңгейге жетті.

Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап 5G дамуына байланысты 4G үлесінің біртіндеп төмендеуі болжануда, оның алдыңғы буындары (2G,3G) да құлдырау динамикасында қалады.

5G желісі 4G-ге қарағанда 100 есе жылдам және адамдар мен бизнес үшін түбегейлі жаңа, бұрын болмаған мүмкіндіктер жасайды.

Қосылу жылдамдығының жоғарылауы, кідірістің азаюы және өткізу қабілетінің артуы салалардың өзгеруіне, қоғамның дамуына және желіні күнделікті пайдалану сапасының айтарлықтай жақсаруына ықпал етеді.

5G технологиясының көмегімен қауіпсіз, интеллектуалды және тұрақты болашақ құруға болады.

Жалпы алғанда, ұялы байланыс жүйелерінің эволюциясы 1980-ші жылдардан бастау алады және 1G, 2G, 3G, 4G және 5G секілді бірнеше буынды қамтиды.

Ұялы байланыс эволюциясының әрбір жаңа кезеңі буын (G — Generation) деп аталады.

Қазақстанда да 5G желісін дамыту жұмыстары жүруде. Бесінші буын желісін коммерциялық пайдалануға беруді Kcell/Activ және Tele2/Altel операторлары жүзеге асырады.

Мәселен, KCELL ұялы байланыс операторы қазіргі уақытта республикалық маңызы бар қалаларда 5G желісінің 48 базалық станциясын орнатты (Алматыда 28, Шымкентте 10, Астанада 1 және Түркістанда 9).

Жалпы, 2023 жылы Kcell республика бойынша 3000-ға жуық жаңа базалық станция салуды жоспарлап отыр, оның 700-ге жуығы 5G технологиясы бойынша салынады.

Биыл 5G әзірге адам көп жиналатын жерлерде ғана қолжетімді болады, бірақ 2024 жылы облыс орталықтарының барлық аумақтарын қамту жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.