Сенат электр самокаттарын пайдалану талаптарына қатысты заңды мақұлдады

0 21

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл құжат жолда көлік қозғалысын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Заңның негізгі мақсаты — қолданыстағы құқықтық оқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ электр самокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеу. Бұдан бөлек, Заңмен көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындауға мемлекеттік монополия енгізіледі. Сонымен қатар, Заңмен Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2 Заңға өзгеріс пен толықтыру енгізілді.

«Заңға сәйкес «Шағын электр көлік құралы» ұғымы енгізіліп отыр. Онда осы көлік түрінің техникалық сипаттамаларын және пайдалану тәртібін құқықтық регламенттей отырып, жүргізушілер үшін тыйым салулардың тізбесін белгілеу ескерілген. «Электрондық самокат» ұғымы енгізіледі, ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін тиісті орындар айқындалады. Сондай-ақ олардың жүргізушілеріне тиісті шектеулер болады», — деді Сенат депутаты Евгений Больгерт.

Атап айтқанда, Заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне рұқсат етіледі. Бұл тұрғыда жүргізушінің 18 жасқа толуы, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі мен шлемнің болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін тиісті жарық түсіретін белгілерді тағу ескерілген.

«Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етіледі. Шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Сонымен қатар, мопед, велосипед, шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілеріне қатысты шектеулер нақтыланды», — деді депутат.

Бұдан бөлек, басқа құзыретті органда тіркелген көлік құралдарының «Жол қозғалысы туралы» Заңда көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің көлік құралдарын тоқтатуының негіздерін белгілейтін түзетулер енгізілді.

«Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындау саласында мемлекеттік монополия енгізілмек. Бұл қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығы ҚР ІІМ жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынына беріледі. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының қызметін бастау немесе тоқтату туралы хабарламаның жаңа түрімен толықтырылады», — деді сенатор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.