Сыртқы істер министрлігі еліміз бен Қытай арасында визасыз режим орнатуға қатысты іске асырылып жатқан жұмыстар жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі кезде Қытай тарапынан мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы хабарлама түскен жоқ. Өз кезегінде Қазақстан жағы қазіргі уақытта еліміздегі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекетішілік рәсімдерді жүргізіп жатыр. Өзара визасыз режимнің күшіне енуі туралы ақпарат қазақстандық БАҚ-та ресми түрде жарияланады және еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылады
, — делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим туралы Келісімнің 11-ші бабында визаның күшіне ену талаптары ескерілген.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және уағдаласушы тараптардың оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді
, — деп аталып өткен құжатта.
Естеріңізге сала кетейік,Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың арасында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім» бар.
Биыл мамыр айының аяғында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл бағытта енді мемлекетішілік рәсімдерді аяқтау ескерілгенін, сондай-ақ тиісті қаулыны қабылдауға біраз уақыт керек екенін айтты.
Осыған дейін Сыртқы істер министрлігі Қытаймен арадағы визасыз режимге қатысты түсінік берді.