Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында тағы бір жұмысшының денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шахтада авариялық-құтқару жұмыстары түнімен жүргізілді. Сағат 8:15-тегі жағдай бойынша тағы бір жұмысшының денесі табылды. Қазір мәйітті беру шаралары жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау бойынша 4 бөлімше жұмыс істеуде, олар авариялық өндірістен температураны түсірумен айналысып жатыр. Қалған жұмысшыларды іздеп-табу үшін тағы 3 бөлімше тау-кен шығарындыларын тексеруге жұмылдырылған. Жұмысшыларымызды жедел іздеп-табуға барлық шара қабылданып жатыр», — деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.
Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өрт кеше, 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.
Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.
5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Кейін олардың бірінің денесі табылды. Қалған 3 адамды іздестіру жалғасып жатыр.
Полиция аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.