Облыс әкімі Мойынқұмдағы бірқатар ірі кәсіпорындарды аралап, басшыларымен кездесті

0 11

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары Мыңарал ауылының аумағында салынып жатқан «Shagala Mining» (Шағала — майнинг) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысудан басталды.

Қазіргі таңда мұнда негізгі құрылыс жұмыстары жүруде. Өндірілетін өнімнің сапасын анықтайтын арнайы зертхана да жұмыс істеп тұр.

Кәсіпорын директоры Алексей Антонишиннің айтуынша, зауытта жылына 9 мың тоннадан астам катодты мыс өндірілетін болады. 2024 жылдың мамырында өндірістің бірінші кезеңі өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда.

Қажетті құрал жабдықтар Қытай, Германия, Швейцария елдерінен жеткізілуде.

Қазіргі таңда нысан құрылысында 250 ден астам адам жұмыс істеуде десек, кәсіпорын 400-ден астам адамды жұмыспен қамтымақ. Жұмысшылар үшін арнайы жатақхана да бой көтермек.

Облыс әкімі зауыттың жұмысы ауқымдылығын атап өтіп, өңірдің экономикасы үшін маңыздылығын да баса айтты.

Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов жұмыс күшіне жергілікті тұрғындарды тарту, экологиялық тазалыққа айрықша назар аудару керектігін жеткізіп, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Келесі кезекте аймақ басшысы Шығанақ ауылының аумағында орналасқан «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-не ат басын бұрды.

Серіктестің бас директорының орынбасары Сәбит Өтешов мұнда өткен жылы 130 мың тонна барит рудасы өндірілгенін, ал ағымдағы жыл басынан бері 43 мың тонна өнімге қол жеткенін айтты.

Кәсіпорында 205 адам жұмыс істесе, оның басым бөлігі мойынқұмдықтар.

Орташа жалақы 200 мың теңге. 15 күндік ауысыммен еңбек ететін жұмысшылардың орташа жалақысы 200 мың теңгені құрайды.

Кәсіпорын басшылығы жол, экологиялық мәселеге қатысты бірқатар өтініш білдірді.

Нұржан Нұржігітов жауаптыларға аталған мәселелерді заң аясында шешу мүмкіндіктерін барынша қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудандағы Қашқан теңіз бастауыш мектебінің жай — күйімен, Бурылбайтал ауылына қарасты «‘Ақжартас» мекеніндегі Балқаш көлінен тартылған су сорғының қызметімен танысты. Мұнда су мемброна қондырғысы арқылы сүзгі мен тазалаудан өтіп, жақын маңдағы алты елді мекенді таза тіршілік нәрімен қамтымақ.

Аймақ басшысының сапары одан әрі «‘Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалында жалғасты.

Кәсіпорын базасында Нұржан Нұржігітов аудандағы ірі кәсіпорын басшыларымен кездесті.

Кездесуде облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасап, ауданның облыс өнеркәсібіндегі үлесі 11,4 пайызды құрайтынын жеткізді.

Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында аудандағы өндіріс көлемі 58,3 млрд. теңгеге жеткен.

18 кәсіпорында 2000-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған десек, олардың орташа жалақысы 400 мың теңгеден асады.

Биылғы алты айда инвестиция 13, 9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 113,3 пайызға айналған.

Басқосуда “Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов әзірге ешқандай шағымның жоқтығын айтса, бірқатар басқарма және департамент басшылары да өз бағыттары бойынша жұмыстарға тоқталып өтті.

Өз кезегінде кәсіпорын басшылары да көкейдегі сауалдарын жолдады.

Аймақ басшысы барлық мәселелерді шешу бойынша жергілікті билік заң аясында қажетті қолдаулар көрсететінін жеткізді.

— Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Жергілікті билік те заң аясында барлық мәселерді шешуге көмектесу бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Соған сәйкес, кәсіпорындар да өз жұмыстарын үздіксіз жүргізуге, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, жалақы өсімін қамтамасыз етуге күш салуы тиіс.
Ұжымдық шарттар мүлтіксіз орындалуы керек.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпай, жергілікті тұрғындардың мәселелерін шешуге атсылысуы маңызды,-дей келе Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданының өнеркәсіптегі жоғары әлеуетін атап өтті.

Бұдан соң облыс әкімі «‘Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалындағы жұмысшыларға арналған жатақханаларды, спорттық және тынығуға арналған бөлмелерді аралап көрді.

Кәсіпорын өткен жылы 1854 келі алтын, 306 келі күміс өндірген. Мұнда 1241 адам еңбек етсе, оның жартысына жуығы мойынқұмдықтар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.