Ірі өрттен зардап шеккен Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жөндеуден кейін өз пәтерлеріне оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өрттен зардап шеккен 96 баспананың 95-і жөнделді, 1 пәтердің иесі жөндеу жүргізуден бас тартқан.
«Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша және аудан әкімдігінің қолдауымен ТЖД резервінен пәтерлерді косметикалық жөндеуге қаражат бөлінді. Құрылыс салушы кабельді ауыстыру, есепке алу құрылғыларын, кіреберіс, лифт және қабат алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарын толық жүргізді» – деп атап өтті Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Әкімдік тұрғындарға 2 айға пәтер жалдауға қаржы бөлген.
«Осы 2 айдың ішінде біз құрылыс салушы ретінде өз бастамамызбен үйдің жалпы аумағын қалпына келтірдік – шахталар, электр кабельдері, шахталардағы есіктер алюминийге ауыстырылды, барлық кабельдер тартылды, электр есептеуіштер қалпына келтірілді. Жалпы алаңдарда күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ сыртқы өрт сатысы, өрт дабылы, желдеткіштер, түтін мұржалары – бұл барлық жүйе жұмыс істейді, оны әкімдік қызметкерлерімен бірге сынап көрдік», – деді Ayt housing Complex құрылыс компаниясының бас директоры Қанат Ералиев.
Пәтерлерді жөндеумен «Болашақ Құрылыс-S» ЖШС айналысқан.
Мердігердің айтуынша, олар тұрғындар тілектерін қолда бар бюджет аясында жеке ескеруге тырысқан. Жөндеу жоғарғы қабаттардан басталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ақкент шағын ауданындағы барлық 58 үйде өрт қауіпсіздігі тексерілді. Анықталған бұзушылықтар негізінен апат кезінде шығуға арналған жолдардың бітеліп тұруымен байланысты.
Еске салсақ, 1 тамыз күні «Ақкент» тұрғын үй кешенінде 16 қабатты үй өртеніп, 300-ден астам тұрғын эвакуацияланған еді.
31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген болатын.
Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.
Оқиға салдарынан 1 адам қаза болып, 43-і зардап шекті
Кейін Президенттің тапсырмасы бойынша 6 адам «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.