Бүгін – Тәуелсіздік күні

0 22

Бүгін – Тәуелсіздік күні. 16 желтоқсан – қазақ тарихындағы ең бір елеулі дата. 37 жыл бұрын Желтоқсан оқиғасы азаттық тарихының алғашқы парағын жазса, 32 жыл бұрын Тәуелсіздік туралы заңға қол қойылды. Ал осыдан 12 жыл бұрын Жаңаөзендегі толқуларға куә болдық, деп хабарлайды Kazinform.

1991 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңына қол қойды. Ел ішінде Қазақстанның КСРО құрамынан ең соңғы болып бөлініп шыққаны жиі айтылады. Бір қызығы, қазақ елінің тәуелсіздігін заңдастыратын сол құжат заңнама тұрғысынан КСРО-да қабылданған ақырғы заң болып есептеледі.

Қазір 16 желтоқсан ұлттық мереке болып есептелмейді. Бұл мәртебе 25 қазан – Республика күніне берілген. Дегенмен, 16 желтоқсанның символикалық мәні мен тарихи маңызы сондықтан солғын тартып қалған жоқ. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі 50 жылдағы аса ірі үш оқиға осы күнге дөп келген.

Әуелгі жылдарда Тәуелсіздік күні пафосқа толы, кеудеге мақтаныш құятын күн ретінде насихатталды. Оны халық та сол күйінде қабылдады. Тілі мен ділі жанышталып қалған халықтың еңсесін тіктеу жолында ондай қадам өз-өзін ақтайтын да. Жыл өтіп, тарих тіріле бастаған сайын елдің санасы да сілкінді. Буындар алмасып, тарих ақтаңдақтары аршылған сайын 16 желтоқсанға деген елдің ілтипаты да салмақтана түсті. Ел ішінде бұл күнді асыр салып шаттанатын күн емес, азаттыққа жете алмай кеткендерді еске алатын қастерлі дата ретінде атап өту керектігі туралы бастамалардың үні қаттырақ шыға бастады.

Биыл тәуелсіздікке 32 жыл толып отыр. Оның алғашқы он жылы егемендіктің айшықтарын айқындап, конституциялық құрылымды қалыптастырумен өтті. Төл валюта айналымға енгізіліп, Қарулы Күштер жасақталды. КСРО-дан мұраға қалған жоспарлы экономикалық саясаттың орнына нарық қатынастары орнықты.

Тәуелсіздіктің екінші онжылдығын «мұнай дәуірі» деген жалғыз ауыз сөзбен сипаттауға болады. Өйткені, әуелі дамудың күмәнсіз даңғылындай көрінген экономикалық үрдістер жылдар өте келе сын-қатерін де көрсете бастады. Астана елдің ресми ордасы ретінде толық қалыптасып, республиканың әр түкпірінен бәсекелі орта іздеген жұрттың бәрі тартылатын мегаполиске айналды.

Бұл кезең ел ішіндегі саяси күйзелістермен де есте қалды. Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділов сияқты саяси тұлғалардың қазасын талай жұрт әлі күнге дейін жұмбағы ашылмаған жайт деп біледі.

Үшінші онжылдық Жаңаөзен трагедиясымен басталып, билік транзитімен аяқталды. 2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстайтынын ресми мәлімдеді.

Қазір Қазақстан төртінші онжылдықтың табалдырығында тұр. Бұл кезең Қаңтар оқиғасымен басталды. Ал биыл Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жеткені ресми хабарланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.