Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорда көшелерін қардан тазарту жұмыстарына көңілі толатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Астанаға биыл қар кеш жауды. Қар күреу жұмыстары бойынша қанша ақша үнемделді? Бұл қаржыны қайда жұмсауды жоспарлап отырсыздар?», — деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде.
«Биыл біз 1,5 айдың ішінде 2 млрд теңгені үнемдедік. Қалада шешімін таппаған мәселелер көп. Мысалы, мектептер мен балабақшалар. Үнемделген қаржы осы әлеуметтік мақсаттарға жұмсалады», — деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.
Әкім норматив бойынша 72 сағатта қар тазалау жұмыстары жүруі керектігін айтты.
«Ал тұрғындар көп жағдайда екі сағатта қардың тазаланғанын қалайды. Әрине, бірінші кезекте адам ағыны көп қаланың орталық көлік магистральдары тазартылады. Екінші кезекте біз квартал ішіндегі көшелерді, содан кейін аулаларды тазалаймыз. Сондықтан ауладағы қарды бір күн ішінде шығарып тастау әрдайым мүмкін бола бермейді. Бірақ біз регламентке сәйкес жұмыс істеп келеміз. Үш күн бұрын қар көп жауды. Бірақ қазір қаладағы жағдайды көріп отырсыздар, негізгі магистральдар, кварталішілік жолдар тазартылды. Техника әрдайым жете бермейді. Біз кеше және алдыңғы күні құрылыс компанияларынан қар шығару үшін техника алдық. Жалпы, коммуналдық компаниялар асқан жауапкершілікпен жұмыс істеп жатыр», — деді Жеңіс Қасымбек.