Көршілес мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, жақсы қарым-қатынас жасағымыз келеді-Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған алты мемлекеттің елшілерімен кездесті. Ақордаға келген Сербия, Австралия, Колумбия, Мысыр мен Сирия республикаларының сондай-ақ, Люксембург Ұлы Герцогтігінің дипломаттары еліміздің рәміздеріне құрмет көрсетіп, сенім грамоталарын тапсырды.
Алдымен Сербия, Австралия, Колумбия, Мысыр мен Сирия республикаларының сондай-ақ, Люксенбургтің дипломаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақынырақ танысты. Одан соң сенім грамоталырын табыстады.
— Біз барлық елмен, ең алдымен, көршілес мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, жақсы қарым-қатынас жасағымыз келеді. Бұл жолдың табысты болатынына сенімдімін. Біз әртүрлі бағытта, соның ішінде экономика, инвестиция салаларында және саяси диалог тұрғысында ықпалдастықты нығайту үшін қолдан келген шараның бәрін жасаймыз. Қазақстан сіздердің халықаралық аренадағы сенімді серіктестеріңіз болатынына сендіргім келеді,-деді Президент.
Бұдан соң Мемлекет басшысы елшілермен естелік суретке түсті. Әрі оларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстарына табыс тіледі.