Елімізде тасқын судың алдын алу мен салдарын жою жұмыстары жалғасуда.
«Республика бойынша 7 048 жеке тұрғын үй мен 2 834 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды, 38 859 адам үйлеріне оралды. 6 707 адам эвакуациялау пункттерін паналауда. Эвакуациялық пункттерде Төтенше жағдайлар департаменттерінің, ТЖМ Апатар медицинасы орталығының психологтары мен медициналық қызметкерлері тұрғындарға кеңес, қолдау көрсетіп жатыр», — деді ТЖМ ресми өкілі Асқар Шәріп Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр.
«Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 19 мыңнан астам адам, 2 694 техника, 327 су сору құралы және 231 жүзу құралы және 7 әуе кемесі жұмылдырылды», — дейді министрліктің ресми өкілі.