Елімізде 2021 жылдан бастап маусым айының екінші жексенбісінде Малшылар күні аталып өтіледі. Малшылар мейрамы – шаруа адамдарының мерейін көтеруді көздейтін, олардың бірлігін нығайтып, Қазақстандағы мал шаруашылығының дамытуға бағытталған. Бұл ретте, еліміздің мал шаруашылығында қандай оң өзгерістер бар?
ҚР Ауыл шаруашылығы ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл 4 айда мал шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 792,3 млрд теңге болған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көп сома. Әрине, көрсеткішке мал басы санының өсуі де әсер ететіні анық.
Атап айтсақ, биыл төрт айдың өзінде ірі қара 4,3%-ға, қой 10%-ға, жылқы 5,5%-ға, түйе 9%-ға, құс 0,8%-ға өскен.
Қызықты деректерге сүйенсек, елімізде биыл төрт айда бір сауын сиыр орташа есеппен 641 келі сүт берген екен. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы құрылымдарында 676 келіге тең болса, жеке аулада 623 келі болып отыр.
Ал төрт айда әр тауық орташа есеппен 77 жұмыртқа берген көрінеді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы көрсеткіш 88 болса, жеке аулада тұрғындар ұядан орташа есеппен 43 жұмыртқа жинаған. Жалпы, жылына отандық тауықтар орташа есеппен 227 жұмыртқа береді екен.
2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында шаруашылықтардың барлығында сойылған салмақтағы барлық түрдегі ет өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға өсіп, 359,3 мың тонна болған. Оның ішінде жылқы етін өндіру көлемі 3%, түйе еті 15,4%, құс еті 9,9% артып отыр.
Ал сүт өндіру көлемі 3,5%-ға өсіп, 1432,2 мың тонна болғанын атап өткен жөн. Тауық жұмыртқасын өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,7%-ға артып, 1446,2 млн-ға жеткен.
Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша республикаға шетелден 3277 бас сүтті және сүтті-етті мал тұқымы, 360 бас ет бағытындағы мал әкелінген.
Еске салсақ, Малшылар күнін күнтізбеге енгізу туралы Үкімет қаулысы 2021 жылдың 14 шілдесінде жарияланған болатын.