Бала асырап алғысы келетін азаматтар қандай құжат жинауы тиіс

0 2

Жақында сенатор Геннадий Шиповских елімізде бала асырап алу процесі тым ұзақ екенін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Неке және отбасына қатысты қолданыстағы заңнамада бала асырап алу тәртібі егжей-тегжейлі қарастырылған. Ал процес құжат жинаудан басталатыны белгілі. Осы орайда, Оқу-ағарту министрлігінен құжаттар тізімін нақтыладық. 

— «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексінің қабылдануымен қазақстандық азаматтардың бала асырап алу рәсімі жеңілдетілді. Баланы асырап алуға тілек білдірген адам тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттарды, отбасы жағдайы туралы, денсаулық жағдайы, сотталмағандығы туралы анықтаманы, жақын туыстарының келісімін, тұрғын үйінің болуы және жалақысы туралы анықтаманы, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды (баланың жақын туыстарын қоспағанда) отбасында тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың даярлықтан өткені жөніндегі сертификатты ұсынады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, бала асырап алуға үміткер деп танылғаннан кейін, ол баланы таңдап, баламен жақын танысу үшін екі апта уақыт беріледі. Содан кейін ғана құжаттарды сотқа дайындауға міндетті. Бала асырап алу туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Еске салсақ, былтыр Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларды ресми некеде тұрмаған ер адамдардың қамқорлығына беруге тыйым салу керектігін мәлім етті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл шілде айында Конституциялық сот ерлер мен әйелдер бала асырап алғысы келетіндердің тізімінде тең дәрежеде екенін жариялады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.