2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, комиссия құрамында ҚР Парламенті депутаттары, мемлекеттік органдар, білім беру саласындағы кәсіподақтар, «Атамекен» ҰКП, жоғары оқу орындары қауымдастығы мен қоғамдық ұйым өкілдері болды. Комиссия отырыстарында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік гранттар қолданыстағы ережелерге сәйкес конкурс негізінде бөлінген.
«Сапалы және қажырлы қызметі үшін комиссия мүшелеріне шексіз алғысымды білдіремін!» – деп жазды министр.
Министрдің мәліметінше, биыл конкурсқа қатысу үшін шамамен 113 мың өтініш қабылданған. Талапкерлер арасында ең сұранысқа ие білім беру бағыттары ретінде «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», сондай-ақ «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» аталған.
Грант тағайындау конкурсының нәтижелері Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайттарында және әлеуметтік желілерде жарияланады.
Жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау 2025 жылғы 25 тамызға дейін аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, 25 шілдеде тамыз айындағы ҰБТ-ға қатысуға өтініштер қабылдау басталады.