Тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын үш кәсіпорын іске қосу тапсырылды

0 3

Алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

— Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі — 8 пайыз. Бірақ саланың даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар. Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Біз алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент Үкімет көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруы қажеттігін баса айтты.

— Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жоба қолға алынды. Осы кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек. Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан, бұл мәселені де шешу жолдарын табуымыз керек, инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн. Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жоғары технологияға 1 млрд доллар инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.

Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.

Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.

Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.