Отандық фильмдер шетелде қаншалықты танылып жатыр https://kaz.inform.kz/news/otandik-filmder-shetelde-kanshalikti-tanilip-zhatir-b2ad87/
2025 жылы отандық фильмдердің кинопрокаттағы үлесі 25 пайызға жетеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінен мәлім етті.
— Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда киноиндустрияны экономиканың жеке секторы ретінде қарастыру туралы тапсырмасына орай, соңғы 2 жылда еліміздегі кинематография саласының жеке индустрия ретінде қалыптасып келе жатқандығын атап өткіміз келеді. Атап айтсақ, 2024 жылы отандық фильмдердің жалпы кинопрокаттағы үлесі 21 пайызға (94 фильм) жетті. 2025 жылы аталған көрсеткіш 25 пайызды құрауы қажет, — делінген Мәдениет комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
2024 жылы жеке қаржыға түсірілген «Дәстүр», «Приговор», «Научи меня жить», «Любовь со второго взгляда», «Рэкетир 3» отандық фильмдері, сондай-ақ 2025 жылы «Патруль», «Азартник», «Малай» фильмдері шет мемлекеттерде кинопрокатқа шықты.
Мұнымен қоса, мемлекеттік қолдаумен Кино орталығы арқылы түсірілген бірқатар фильм отандық көрерменге ғана емес, шетелдік аудиторияға да тарай бастады. Бұл бағытта цифрлық дистрибуция мен халықаралық прокат жұмыстары жүйеленіп келеді.
— Бүгінде көптеген отандық фильмдер «IVI» және «KINOGO» онлайн-кинотеатр платформаларында орналастырылған. Аталған платформаларда көрермен назарына ұсынылған жобалардың қатарында «Боксер», «Время патриотов», «ALGA», «Тырналар», «Ақын», «Обучение Адемоки», «Нартай», «Каникулы оффлайн 2», «Лето 1941-го года», «Дос-Мұқасан», «Хирург», «Братья», «Молочная девочка», «Кенже қыз», «Беркут», «Стоп ночь!» сынды фильмдер бар. Сонымен қатар отандық кинотуындылар «Кинопоиск» онлайн-видеосервисінде де кеңінен насихатталып келеді. Қазіргі кезде бұл платформада 19 фильмнен тұратын арнайы тақырыптық сөре жасақталған. Мұнда «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан», «SHULAMAH», «Ағайындылар», «Дала қасқыры» секілді маңызды тақырыптарды көтеретін фильмдер топтастырылған. Болашақта бұл сөре жаңа туындылармен толықтырылмақ, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Айта кетейік, отандық киноның халықаралық нарыққа шығуы да қарқын алып отыр. Кейінгі жылдары бірқатар фильм шетелдік прокатқа табысты түрде жол тартты. Бұл ретте:
• «Ақын / Poet» фильмі 2022 жылы Францияда көрсетілді;
• «Время патриотов» – 2022 жылы Ресей Федерациясында, 2024 жылы Латын Америкасы елдерінде экранға шықты;
• «Қара қыз» – 2024 жылы Ресей Федерациясында прокатқа шықты;
• «Қажымұқан» фильмі биыл Ресей нарығына шығарылады.
Қазақстандық продюсерлік компаниялар халықаралық онлайн-платформалармен тығыз әріптестік орнатып, дистрибуция жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Мәселен, «Дала қасқыры» фильмі АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Польша және Латын Америкасы елдерінің дистрибьюторларына сатылып, Франция мен Ұлыбританияның цифрлық платформалар бағдарламаларына енді. Бұл жетістіктер отандық кино өндірісінің сапалық тұрғыда өскенін және халықаралық аудиторияға қызықты бола бастағанын көрсетеді.
Бұған дейін елдегі кинотеатрларда прокатқа неше фильм шығарылғанын жазған едік.