Президентке республикалық бюджеттің орындалуы және мемлекет қаржысын цифрландыруды ілгерілету жұмыстары жөнінде баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мәди Тәкиев биыл республикалық бюджетке 21,6 триллион теңге көлемінде кіріс түскенін айтты.
Оның 15,2 триллион теңгесі салық түсімдері. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 23,4 пайыз жоғары. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджет 101,6 пайыз орындалып, оның әлеуметтік бағыты сақталып отыр.
Салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру шаралары, Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері туралы мәлімет берді.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын іске асыруға баса назар аударылды. Жаңа құжат рәсімдердің мерзімін қысқартуды, олардың ашықтығын қамтамасыз етуді және отандық тауар өндірушілерді қолдауды көздейді.
Қазіргі уақытта қазынашылықтың ақпараттық жүйесіндегі талдау және бақылау үдерістері толық автоматтандырылды.
Мемлекет қаржысын цифрландыру аясында Big Data қалыптастыруға және толықтыруға, сондай-ақ салық пен кеден салаларына жасанды интеллектіні енгізуге ерекше мән беріледі.
Мемлекеттік аудиттің нәтижелерін таныстырды.
Биылғы 8 айда 791 тексеру жүргізіліп, сомасы 337,5 миллиард теңге болатын қаржының заңсыз жұмсалғаны анықталды.
Президент мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру мен барлық әлеуметтік міндеттемені орындау керек екеніне тоқталды.
Сондай-ақ цифрландыруды одан әрі дамыту және заманауи бақылау тетіктерін енгізудің маңызын атап өтті.
Еске салсақ, 2025 жылы денсаулық сақтау саласына 2,4 трлн теңге қарастырылған. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.