«Қазгидромет» РМК 20 қазан күнгі ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің болжауынша, солтүстік-батыс циклоны шығыс бағытында жылжып, елдің батысында жаңбыр жауады.
Еліміздің солтүстігі мен шығысында жауын-шашын болады. Сондай-ақ, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда түнде жаңбыр сіркіреп, қар ұшқындайды. Елдің қалған аумағында антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа-райы сақталады.
Республика бойынша жел күшейіп, солтүстікті және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарды тұман басады.
Түркістан облысының солтүстігінде түнде, Қызылорда және Алматы облыстарының таулы аудандарында 1-3 градус үсік болады.
Маңғыстау облысында, Атырау облысының солтүстік-шығысында, оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, шығысында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Жамбыл облысының орталығында, Қызылорда облысының солтүстігінде, орталығында, Алматы облысының батысында да жоғары өрт қаупі болжанған.
Мұндай болжам Қостанай және Ақмола облыстарының оңтүстік-батысында, Ұлытау облысының шығысында, орталығында және Абай облысының оңтүстігінде де бар.
Қызылорда, Түркістан өңірлері мен Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының батысында, солтүстігінде, батысында, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында, орталығында төтенше өрт қаупі бар.
Сондай-ақ мамандар Алматы облысының солтүстігінде, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының оңтүстігінде, Ұлытау облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі барын болжап отыр.
Айта кетейік, бүгін 5 қалада ауа сапасы төмендейді.