«Ұлттық Wi-Fi операторы» — ЖИ министрлігі Freedom Telecom жобасының атауына түсінік берді

0 3

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Freedom Telecom компаниясының «ұлттық Wi-Fi операторы» жобасының атауына қатысты түсініктеме берді.

— Freedom Telecom компаниясының «ұлттық Wi-Fi операторы» деген атауы тек шартты түрде айтылған. Бұл сөз тіркесі жобаның ауқымын және маңызын ғана көрсетеді. Аталған тіркес компанияның ресми мәртебесін айқындамайды және оған қандай да бір ерекше өкілеттік бермейді.

Министрлік жекелеген компанияларға мұндай ресми мәртебе беру мүмкіндігін қарастырмайды, — делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарламасында.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандарда Wi-Fi желілерін дамыту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

— Осы бағытта Freedom Telecom компаниясы министрліктің қолдауымен ел қалаларында кең көлемді Wi-Fi желілерін іске қосуда. Бүгінде 10 қала қамтылып, шамамен 400 нүкте іске қосылды. 2026 жылға қарай олардың саны 10 мыңға, ал 2027 жылға қарай 20 мыңнан асады деп жоспарланған. Wi-Fi мектептерде, ауруханаларда, әуежайлар мен вокзалдарда, сондай-ақ шекара бекеттерінде орнатылады.

Жоба министрлікпен тығыз байланыста іске асырылып жатыр. Бұл азаматтарға интернетке қауіпсіз әрі тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Мұндай жобаларды тиісті рұқсаты мен техникалық мүмкіндігі бар басқа байланыс операторлары да жүзеге асыра алады. Freedom Telecom — осы бағытта мемлекетпен серіктес болып отырған негізгі компаниялардың бірі, — делінген хабарламада.

21 қазанда Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралған еді. Отырыста Freedom Telecom компаниясының бас директоры 2028 жылға дейінгі даму стратегиясын таныстырып, «ұлттық Wi-Fi операторы» жобасын іске асыру жоспары туралы айтқан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.