Биыл жиналған мол астықты сақтауға арналған қоймалар жеткілікті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.
— 27 млн тонна астық жиналды. Ішкі нарықты нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге 9 млн тоннасы жұмсалады. Осы көлемді ескере отырып, елдің экспорттық әлеуеті 12-13 млн тонна шамасында болады, — деді А. Сұлтанов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, биылғы астықты экспортқа шығару басталды.
— Біздің астықты негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан алады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа нарықтар ашылды. Осы орайда Африка мен Еуропа елдері бар. Сондай-ақ Грузия, Әзербайжан және Иранға да астық жібердік. Биыл осы нарықтарға өнімді жеткізбекпіз. Жоспарда Оңтүстік Азия елдеріне экспорттау ескерілген. Қазір экспортқа шығаратын компаниялар дайын, — деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан аумағында жалпы 30 млн тонна астықтық сақтай алатын қоймалар бар. Соның 13 млн тоннасы лицензиясы бар элекваторларда сақталады, ал қалғаны шаруашылықтарға тиесілі қоймаларға жеткізіледі.
Еске салсақ, бір апта бұрын 26,4 млн тонна астық бастырылғаны хабарланды.