2026 жылы ҰҚШҰ Бас хатшысы Қырғыз Республикасының өкілі болады

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми делегация мүшелерімен бірге ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан көшбасшылары Ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастырып, биылғы ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттарын қорытындылады. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басымдықтарды анықтады.

Президенттер ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымындағы қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовке алғыс айтты.

Жиын барысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне үш жыл мерзімге Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыковты тағайындау туралы шешім бекітілді.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жан-жақты жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.

Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысқанын жазған едік.

Еске сала кетейік, кеше Президент ҰҚШҰ кеңесінің отырысына қатысу үшін Бішкек қаласына барды.

Бүгін Мемлекет басшысын «Ынтымак Ордо» резиденциясында Садыр Жапаров күтіп алды.

Артынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.