Елордада өткен SARAP сарапшылық клубының отырысында Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеу орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін таныстырды.
— Елімізде ең басты отбасылық құндылықтар – өзара сыйластық және бір-біріне құрмет көрсету. Бұл жауап нұсқасын 2020 жылдары сауалнамаға қатысқан респонденттердің 80 пайыздан астамы таңдайтын. Бірақ қазір сәл болса да материалдық құндылықтар, көңіл күй, психологиялық жайлылық сияқты жауап нұсқаларын таңдайтын респонденттер саны артып келеді. Дүниежүзілік құндылықтарға шолу дерегіне сәйкес, Қазақстан әлі де отбасына, дінге және беделге қатты бағдарланған мемлекет ұстанымын иеленіп, дәстүрі қағидаттардан айнымағанын көрсетті. Яғни, еліміздің респонденттерінің 90 пайыздан астамы әлі де отбасы олардың өмірлік басымдықтар иерархиясында бірінші тұратынын атап өтеді. Жалпы, бізден БАҚ өкілдері «ажырасу неге көп, елімізде отбасы институты неге нығаймай отыр?» деген сауалды жиі қояды. Бірақ зерттеу жүргізген уақытта отбасы әлі де басты құндылық екенін анықтадық, — деді ол.
Оның айтуынша, зерттеу аясында респонденттерден баланың бойына ең бірінші кезекте қандай құндылықтарды сіңіргісі келетіні сұралған.
— Себебі ата-аналардың балаларын қандай бағытта тәрбиелеп отырғанын білгіміз келді. Зерттеу нәтижесінде ата-аналар бірінші кезекте балаларының бойына еңбекқорлықты, шыншылдықты және үлкендерді құрметтеуді сіңіруге тырысатыны анықталды. Балаларды тәрбиелеу кезінде ата-аналардың қандай қиындықтарға тап болатынын да анықтауға тырыстық. Зерттеу Қазақстанда саналы түрде ата-ана болу қоғамда терең тамыр жайған отбасылық құндылық екенін, көп ата-ана үшін негізгі бағдар болатынын көрсетті. Жалпы, ана-аналар үшін отбасылық басты құндылықтар ішінде бала үшінші орында тұр, — деді Ақнұр Иманқұл.
Айта кетейік, Бірыңғай әлеуметтік қолдау шаралары стандартына сәйкес, отбасылардың мұқтаждық деңгейі енді цифрлық отбасы картасындағы деректер негізінде автоматты түрде және жаңартылған критерийлер бойынша айқындалады.