Бүгінде Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж 4 мыңнан астам адам бар. Кезегін күткендер арасында жыл сайын 300 адам өмірден өтеді. Мамандардың пікірінше, мәйіттік трансплантацияны дамыту – өзгенің өмірін сақтайтын қадам. Алайда қоғамдағы стереотиптер, сенімсіздік пен ақпарат жетіспеушілігі оны тежеп отыр. Kazinform аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге мәселені зерттеді.
Туысының келісім бермеуі жағдайды тұралатады
Статистика бойынша Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж 4 521 азамат бар, оның 106-сы – балалар. Азаматтардың басым көпшілігіне бүйрек трансплантациясы қажет.
– Донорлар мен реципиенттер есепке алынып, деректер базасы тұрақты жаңартылады. Бізде есепке алу медициналық ақпараттық жүйесі қалыптасқан, барлық дерек электронды форматта қолжетімді. Бұл өңірлердегі дәрігерлердің жедел әрекет етуіне сеп. Соңғы 12 жылда елде шамамен 3200-ден астам ағза ауыстыру отасы жасалды. Бірақ олардың көбі тірі донорлардың есебінен жүзеге асты, – дейді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина.
Маман әр ағзаның ишемия мерзімін атап өтті.
– Мысалы, жүрек пен бауыр 4-5 сағат ішінде, бүйрек 8-10 сағат ішінде алынуы тиіс. Уақыт тығыз, әр сағат, әр минут есептеулі. Донорлық процесс кезінде медициналық авиация, ең тиімді құрал-жабдық пен техника қолданылады. Процесс басталғанда 50-70 маман қатысады және тиімді ұйымдастыру трансплантация координаторының жұмысына тікелей байланысты, – деп түсіндірді ол.
Бірнеше жыл бұрын e-gov порталында қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім беру жүйесі енгізілді.
Маман жүйенің нәтижесі туралы былай дейді:
– Бүгінде e-gov порталында қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім берген қазақстандықтардың саны 7 357-ге жетті. Қолданыстағы нормаға сәйкес, донор болуға келісім берген адамдар көз жұмса, оның ағзасын алу үшін туыстарының рұқсаты қажет болады. Туыстары келісім бермесе, марқұмның көзі тірісіндегі таңдауы күшін жояды.
Мәйіттік донорға келісім берген азаматтарға ерекше бақылау немесе арнайы медициналық тексеруден өту қажет емес. Себебі келісім берген адам міндетті түрде донор болатынына кепіл жоқ. Мұндай донор болу үшін науқаста күрделі асқыну салдарынан туындаған ми өлімі анықталу керек, ал бұл диагноз барлық науқасқа қойылмайды, – дейді маман.
Белгілі заңгер, «One Stop Service – Бір қадам» жобасының координаторы Ләззат Рақышева айтқандай, кез келген адамның донор бола алмайтыны тағы бар.
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 210-бабының 1-тармағына және 212-бабының 1-тармағына сәйкес, ықтимал донор 18 жастағы және одан үлкен, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін, жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген адам тірі кезіндегі донор болуы шарт.
Сондай-ақ он сегіз жастағы және одан үлкен, миының біржола семуі расталған, ағзалары немесе тіні реципиентке транспланттау үшін пайдаланылуы мүмкін адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін. Донордың ағзалары патологиясыз, қатерлі және жұқпалы аурулары, қант диабеті және басқа да аурулары болмау керек, – деді заңгер.
Жеті жыл жүрек күтудің азабы
Трансплантацияны тағатсыз күтудің азабын алматылық Данияр Байбуллаев жақсы біледі. 25 жастағы жігіт жеті жыл бойы донор күтіп келген. Диагностика кезінде оның өкпесінде сұйықтық жиналып, жүрегі айтарлықтай үлкейген. Айтуынша, дәрігерлер оған сирек кездесетін «дилатациялық кардиомиопатия» диагнозын қойған.
– Тұмау тигіздім. Уақыт өте келе аяқтарым істемей қалды, сосын дәрігерлер өкпемде сұйықтық барын және жүрегім үлкейіп кеткенін анықтады. Бала кезімде мұны сезіне қоймадым. Жылдар өте жүрек трансплантациясы қажет екенін білдім. Қиын сәттерді ешқашан ұмытпаймын. 7 жыл бойы жүректі қайдан табуға болатынын ойлап мазасыздандым. Жап-жаспын, өмір сүргім келді. Күтуден шаршаған сәтте call-орталықтан қоңырау шалып, донор табылғанын айтты. Осылайша, маған жүрек трансплантациясы сәтті жасалды, – деді Данияр Байбуллаев.
Реципиенттің айтуынша, донор 53 жастағы әйел болған.
– Білуімше, оның балалары донорлыққа келісім берген. Сол үшін шексіз алғысымды білдіремін. Бұл шешім арқылы олар менің ғана емес, тағы бірнеше адамның өмірін ұзартты. Қазір мінез-құлқым өзгерді, таңдауым тұрақталды, өзім де басқа адам ретінде дамып жатырмын, – деді ол.
Реципиент әлі толық қалпына келмегенін алға тартты.
– Ағзаның кері реакциясын болдырмас үшін гормондық препараттар қабылдаймын. Дәрілердің жанама әсері бар. Барлығын денсаулығыма құлақ аса отырып, өзімді бақылай отыра қабылдаймын. Қазір банкте жұмыс істеп жатырмын, жағдайым бірқалыпты, – деді ол.
Тірі донордан ағза алу қауіпті
Ұзақ жылдар бойы трансплантация саласында еңбек етіп келе жатқан Лиза Нұрсұлтанованың айтуынша, қоғам мәйіттік донорлықтың мәнін әлі толық түсіне қойған жоқ. Трансплантүйлестіруші, жоғары санатты нефролог дәрігердің сөзінше, бір ғана донор бірнеше адамның өмірін арашалауға мүмкіндік береді.
– Бір адамның мәйітінен алынған ағза бірнеше адамға жаңа өмір сыйлайды. Бұл – бүгінгі медицинаның дәлелденген жетістігі. Өкінішке қарай көпшілік түсіністік танытқанмен, көп адамдардың келісім беруге батылы жетпей жатады. Бірақ мұндай жағдай кез келген отбасының басынан өтуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек, – дейді дәрігер.
Мәліметтерге сүйенсек, биыл 131 әлеуетті донор анықталса, оның 10-ы ғана келісімін берген. Қалған жағдайларда туыстары құптамаған. Ал 10 актуалды донордың 6-ауы ғана медициналық тұрғыдан жарамды болып танылып, олардың ағзалары күту парағындағы науқастарға салынды. Тірі донордан әдетте тек бір бүйрек немесе бауырдың бір бөлігі ғана алынады, ал қалған ағзалар тек мәйіттен трансплантацияланады.
– Тірі донордан ағза алудың өз қаупі бар, себебі реципиенттің ағзасы трансплантты қабылдамауы мүмкін, – дейді маман.
Қауесет көп. Дін не дейді?
Мәселеге Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те назар аударып, елімізде мәйіттік донорлық жүйесін жетілдіру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, тақырыпты айналып өтіп, «діни немесе адамгершілік тұрғыдан қиын» деп үнсіз қалуға болмайды.
– Адамгершілікке жат, дінге қарсы деп үнсіз отыруға болмайды. Проблема бар және оны шешу керек. Себебі бәріміздің де айналамызда осындай дертке шалдыққан, өмірін сақтап қалуға болатын жандар бар, – дейді депутат.
Депутат мәйіттік донорлықты дамыту үшін қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыру шешуші рөл атқаратынын айтты.
– Бұл – өмірді сақтап қалу. Ендігі мәселе – мұны қалай қауіпсіз әрі этикалық тұрғыдан, ал қажет болса, діни көзқарастарды ескере отырып іске асыруға болатынында. Өйткені елімізде дінге берік азаматтар көп. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – дейді депутат.
Ал дінтанушы Нұрлан қажы Асанов шариғатта ағза трансплантациясына рұқсат берілгеніне тоқталды.
– Құранда «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деген «Бақара» сүресі бар, яғни дініміз денсаулықты күтуге және өлімге апаратын аурулардан аулақ болуға шақырады. Дегенмен, ғалымдар осы аятты негізге ала отырып, ағзаны ауыстыру аурудан емделу жолының бірі деп қарастырады. Одан кейін Құранда «…бір адамды тірілткенмен тең» деген «Мәида» сүресі бар, яғни науқас адам зәрулік жағдайға өткенде, өлінің ағза мүшесін өзіне ауыстыртуына шариғи тұрғыда харам емес. Мұны өліге деген құрметсіздік деп түсінбеу керек, бұл жерде тірі адамның мүддесі бірінші орынға өтеді, – дейді имам.
Сонымен бірге Нұрлан Асанов ағзаны саудалауға шариғатта қатаң тыйым салынғанын атап өтті.
– Ағза тіріден тіріге болсын, өліден тіріге болсын тегін болу керек. Оны тауар секілді сатып, пайда табу — харам. Біздің елде де оған заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ заңсыз жолмен пайда табуға тырысатындар бар екенін естіп жүрміз. Ол — арам, – дейді дінтанушы.
Осылайша, сарапшылар бұл түйткілді шешу үшін бір ғана шара жеткіліксіз екенін айтады. Ең әуелі заңнаманы заман талабына сай нақтылай түсу қажет. Донорлар мен реципиенттер жөніндегі деректерді толық цифрландыру, тіркеу тетіктерін барынша ашық ету – жүйеге деген сенімді күшейтетін басты қадамдардың бірі.
Бұған қоса қоғамға бағытталған кең көлемді түсіндіру жұмыстары қалыптасқан күмәнді сейілтіп, донорлық мәдениетті орнықтыруға мүмкіндік береді. Тек құқықтық реттеуді түзетіп, адамдардың саналы түрде шешім қабылдауына жағдай жасағанда ғана жүйеге деген сенім артпақ.