«Самұрық-Қазына» 15 активін бәселестік ортаға беріп, 4-еуін таратпақ

0 2

«Самұрық-Қазына» алдағы 5 жылдың ішінде 15 активін бәсекелестік ортаға беріп, тағы 4 активін таратуды жоспарлап отыр. Бұл жайында аталған қордың агенттік сауалына берген жауабында айтылған.

— «Самұрық-Қазына» қоры бәсекелестік ортаны дамытуға және нарықтарды ырықтандыруға ықпал ете отырып, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Активтерді жекешелендіру есебінен бәсекелестік дамып, инвестициялар тартылады. Компаниялардың операциялық тиімділігі артады, заманауи басқару тәсілдері енгізіледі. Мұның барлығы түптеп келгенде экономикаға оң әсерін тигізеді. Атап айтқанда, 2025 жылы шетелдік стратегиялық инвесторларға Qazaq Air әуе компаниясы мен «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2) ЖШС мобильді байланыс операторын сату сияқты маңызды мәмілелер сәтті аяқталды, — деп атап өтеді қордан.

Ірі компаниялардың мемлекеттік акция пакеттерін ішінара іске асырудың басым құралдарының бірі — оларды IPO және SPO арқылы қор нарығына шығару. Бұл Ұлттық қорға қаражат тартуға, активтердің нарықтық құнын қалыптастыруға, корпоративтік басқару стандарттарының өсуі есебінен компаниялардың операциялық тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Отандық құнды қағаздар нарығын дамытуға, капитал нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге, халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.

«Самұрық-Қазына» мәліметінше, аталған тетіктер компанияларға корпоративтік басқарудың жаңа сапалы деңгейіне шығуға, ашықтық пен есептілікті күшейтуге, миноритарлық акционерлердің құқықтарын қорғауды жақсартуға және ESG қағидаттарына сәйкес келуге мүмкіндік береді. Мәселен, Air Astana акцияларын халыққа бастапқы бағада ұсыну (IPO) нәтижесінде сұраныс 1 млрд доллардан асты. KEGOC акцияларын қайталама жария ұсыныс (SPO) нәтижесінде компанияның биржадағы еркін айналымдағы акцияларының үлесі 2,7-ден 8,1 пайызға дейін өсіп, олардың өтімділігі 20 есе артты.

— Бұл мәмілелерді іске асыру аясында халықтың инвестициялық белсенділігі қарқынды артып келеді. 2021 жылдың басынан 2024 жылдың басына дейін депозитарлық жүйелердегі брокерлік шоттар саны 236 мыңнан 3,9 миллионға дейін артты. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO-сы өткен кезеңде шоттар саны 2022 жылдың басында 378 мыңнан 2023 жылдың басында 1,5 миллионға дейін өсті, ал KEGOC SPO-сынан кейін 3,9 миллионға жетті. Бұл деректер азаматтардың қор нарығына деген қызығушылығының артып келе жатқанын және ақпараттық-ағартушылық науқандардың тиімділігін көрсетеді, — деді компаниядан.

Қордың атап өтуінше, компанияларды IPO және SPO-ға шығару нарықтық тәртіпті күшейтеді, бизнесті неғұрлым жауапты жүргізуге ықпал етеді және қор нарығы қатысушыларының сенімін арттырады.

— Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 8 мамырдағы № 542 «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) жанынан Ұлттық жекешелендіру офисі құрылды. ҰЖО құрамына орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтердің, оның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кірді. Ұлттық офиске мемлекетке немесе үлестес құрылымдарға 50 пайыздан астам қатысу үлесі тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметіне талдау жүргізу өкілеттігі берілген. Мақсат — салалық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, аталған активтерді бәсекелестік ортаға берудің тиімділігін айқындау және тиісті тізімді қалыптастыру, — делінген қор жауабында

Ұлттық жекешелендіру офисі жұмысының қорытындысы бойынша ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың және оларға үлестес өзге де заңды тұлғалардың еншілес және тәуелді ұйымдары бойынша бәсекелестік ортаға беру және тарату ұсынылған активтердің тізімі қалыптасып, Үкіметтің 2025 жылғы 24 қазандағы № 894 «Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландырудың кейбір мәселелері туралы» қаулысымен бекітілді. Бұл тізімге қор тобындағы 19 актив кіреді.

IPO/SPO өткізу арқылы бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған 5 актив:

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (2026 ж.);
«Қазпошта» АҚ (2028 ж.);
«Қазақтелеком» АҚ (2027–2029 жж.);
«QazaqGaz» ҰК» АҚ (2027–2029 жж.);
«Qazaq Green Power PLC» (2029–2030 жж.).
Бәсекелестік ортаға өзге де тәсілдермен беруге ұсынылған 10 актив:

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (2028 ж.);
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС (2028 ж.);
Aysir Turizm ve Insaat A.S. (2026–2027 жж.);
KMG International N.V. (2026–2027 жж.);
«Тау-Кен Алтын» ЖШС (2029 ж.);
«Мархит» ЖШС (2026 ж.);
«Солтүстік Қатпар» ЖШС (2026–2027 жж.);
«ШалқияЦинк Лтд» ЖШС (2026–2027 жж.),
«НҰРСАТ+» ЖШС (2026–2027 жж.),
«СК-Девелопмент» ЖШС (2026 ж.).
Таратылуға ұсынылған 4 актив:

(«Өскемен ГЭС» АҚ (2026 ж.),
«Балқаш ЖЭС» АҚ (2026 ж.),
«КТ-Телеком» ЖШС (2026 ж.),
«ҚазМұнай Газ-Сервис» ЖШС (2028 ж.).
— Осылайша, «Самұрық-Қазына» қоры мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асырып, экономиканы ырықтандыру бағытына да елеулі үлес қосып жатыр. Қор активтерін жекешелендіру нақты оң нәтижелер беруде: басқару сапасы артып, бәсекелестік күшеюде, экономикадағы жеке сектордың қатысуы кеңейіп, халықтың инвестициялық белсенділігі артуда, — дейді «Самұрық-Қазына» қорынан.

Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Парламент палаталарының бірлескен отырысында жекешелендіру жоспарындағы 177 нысан әлі иесін таппағанын айтқан болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.