Астананың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары қабылданды

0 3

Бүгін Астана қалалық мәслихатының кезекті отырысында елорданың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары қабылданғаны белгілі болды.

— Сіздердің қарауларыңызға «2026-2030 жылдарға арналған Астана қаласының даму жоспары» ұсынылып отыр. Жоспар «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңға және 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес әзірленді. Даму жоспары маңызды стратегиялық құжат. Ол 5 жылға жасалғандықтан, өте мұқият дайындап, әрбір бағытты сзідермен бірлесіп жан-жақты қарастырдық. Даму жоспары аясында елорданың өркендеуін қамтамасыз ету үшін 3 негізгі басымдық айқындалды. Бірінші — бәсекеге қабілетті қала, инвестиция тарту, бизнеске жағдай жасау, халықтың өмір сапасын көтеру. Екінші — адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтауды жақсарту, кәсіби дамуды қолдау. Үшінші — қолайлы қалалық орта, экологияны жақсарту, қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру. Осы ретте Астана қаласын дамытудың басты мақсаты — елорданың бірыңғай контурын қалыптастыру, қалалық сервистер мен ақпараттық жүйелерді тиімді қала басқаруды қамтамасыз ететін бірыңғай экожүйеге ықпалдастыру, — деді құжатты таныстырған Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.

Оның айтуынша, бірінші бағытта жалпы өңірлік өнімнің құрылымы бойынша елорда экономикасы негізінен ішкі нарық пен халықтың сатып алу қабілетіне бағытталған сауда мен қызмет көрсетуге негізделген сервистік модель саналады. Қалада бірқатар кластер құрылып жатыр. Олардың дамуы қазірдің өзінде экономиканың жаңа құрылымының негізіне айналды. Оның ішінде инфрақұрылым тартылған және салықтық прференциялары бар арнайы экономикалық аймақ базасындағы өнеркәсіптік кластер, көлік-логистикалық кластерлер бар. Бұл тарихи түрде қалыптасқан даму басымдығы саналады. Бүгінде олар инвестициялар арқылы жаңарып жатыр.

— Финтех және ІТ ең жас, бірақ ең преспективалы бағыттардың бірі. Себебі Астана хаб және Астана ХҚО сияқты институттардың қолайлы ортасының негізінде қалыптасуда. Жалпы алғанда, бұл кластерлердің жалпы өңірлік өнімнің құрылымындағы үлесі соңғы 10 жылда 18 пайыздан 25 пайызға өсті. Ал олардың қосылған құнының нақты өсімге қосқан үлесі 9,5 пайыздан 20 пайызға дейін артты, — деді ол.

Қала әкімі орынбасарының мәліметінше, 2030 жылға қарай келесі көрсеткіштерге жету жоспарланған:

— жалпы өңірлік өнім өсімін 2 есеге ұлғайтып, оның көлемін 30 трлн теңгеге жеткізу;
— инвестициялар көлемін жыл сайын орта есеппен 1 трлн теңгеге арттыра отырып, жалпы 26,3 трлн теңге тарту, 2030 жылы оны 6,9 трлн теңгеге жеткізу;
— өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын кемінде 28,6 млрд долларына дейін, 2030 жылы 6,7 млрд долларға жеткізу;
— туристер ағынын жыл сайын кемінде 5 пайыз өсіммен 2,8 млн туристке жеткізу.

— Бұған бөлек, осы бағыт бойынша еңбек өнімділігінің, ШОБ дамуының, инновациялардың көрсеткіштері де көзделген. Адами капиталды дамыту бағыты бойынша басымдықтар — білім беру деңгейін көтеру, медициналық көмектің тиімділігін арттыру және әлеуметтік қолдаудың атаулығын жақсарту. Білім саласында мектептердің жайлылық деңгейін және оқыту сапасын халықаралық стандарттарға жеткізуге ұмытыламыз. Сонымен қатар өсіп келе жатқан балалар санын қамтамасыз ету үшін мектептер санын арттыру және үш ауысымды оқыту моделін қайта оралмау маңызды. Денсаулық сақтау бағытында мекемелер желісін кеңейту, сондай-ақ жаңа инновациялық емдеу тәсілдерін енгізу көзделген. Халықты әлеуметтік қорғау бөлігінде арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету сапасына және инклюзивті орта құруға қойылатын талаптар күшейтіледі. Қолайлы орта бағыты бойынша көлік, энергетика, коммуналдық, шаруашылық, сәулет, құрылыс және экология салалары қамтылған. Даму жоспарында қаланың теңгерімді құрылысы мен көлік ағындарын бейімделген түрде басқару, коммуналдық нысандар қуатын арттыру, жалпы экологиялық жағдайды жақсарту және Астананы басқару үдерістерін цифрландыру жөнідегі көзқарас көзделген, — деді Евгений Глотов.

Бұдан бұрын Жеңіс Қасымбек биыл қаладағы инвестициялық жобалардың саны 55-ке жеткенін айтты. Бұл ретте жалпы инвестиция көлемі — 300 млрд теңге. Бұл жобалар 3,6 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.