Сенат қандастарға әлеуметтік қолдау көрсететін құжатты мақұлдады

0 2

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Қазақстан мен Моңғолия арасында зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға бағыталған келісімге Мемлекет басшысының 2024 жылғы 29 қазанда Моңғолияға ресми сапары аясында Ұлан-Батыр қаласында қол қойылды.

— Қаралып отырған заң – осы халықаралық келісімді ратификациялауды көздейді. Келісімнің мақсаты – адамдарға зейнетақы төлемдерін тағайындау саласындағы құқықтық қатынастарды реттеу. Атап айтқанда, ынтымақты зейнетақы саласында еңбек өтілін өзара тану, сондай-ақ әскери қызмет өткеру кезеңдері мен жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарында оқу уақытын еңбек өтіліне есепке алу тетіктері қарастырылады. Мұнымен қоса, Келісіммен Қазақстан мен Моңғолия арасында жинақтаушы зейнетақы экспорты бойынша ынтымақтастықтың жаңа формасы көзделіп отыр. Бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқа мемлекеттің аумағында пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған, — деді сенатор Амангелді Есбай.

Оның айтуынша, осы құжат аясында зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін екі елдің аумағында жинақталған еңбек өтілін растау тәртібі бекітіледі. Бұл өз кезегінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау тұрғысынан маңызды қадам саналады. Келісім аясында уәкілетті органдар ретінде Қазақстан тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Моңғолия жағынан Отбасы, еңбек, және әлеуметтік қорғау министрлігі айқындалған. Құжатты ратификациялау екі ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының көшу немесе тұрақты тұру жағдайында еңбек өтілін тануға және есепке алуға мүмкіндіктер береді.

Өз кезегінде сенатор Алтынбек Нухұлы бұл құжат қандастар үшін нақты әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты.

— Мәселен, Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, былтырғы 1 қазандағы жағдай бойынша Моңғолиядан Қазақстанға тұрақты тұруға 6654 азамат көшкен, оның ішінде 6109-ы қандас ретінде тіркелді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 1800 азаматқа зейнетақы төлемдері тағайындалған. Осы Келісім күшіне енген кезде, осындай 400-ге жуық азаматқа еңбек өтілін қайта есептеу және зейнетақы төлемдерін қайта қарастыру жоспарланған. Сондай-ақ, бұл құжат Моңғолия аумағында өмір сүріп жатқан немесе жұмыс істеген Қазақстан азаматтары үшін де нақты қолдау болмақ, — деді А. Нухұлы.

Еске салсақ, аталған заңды Парламент Мәжілісі былтыр желтоқсан айында қабылдағанын жазған едік.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.