Қазақстанда геологиялық зерттеу жұмыстары халықаралық стандарттарға сай жаңа деңгейге көшті. Ел аумағын зерттеу ауқымы 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев хабарлады.
Оның айтуынша, 2025 жылы іздеу жұмыстарына арналған 29 әлеуетті алаң анықталды. Оларға алтын, мыс, қорғасын, мырыш және басқа пайдалы қазбалар жатады.
— Бұрын 1:200 000 масштабында зерттеу жүргізетінбіз. Бұл тек жалпы түсінік беретін, бірақ инвестициялық шешім қабылдау үшін жеткілікті дәлдік бермейтін. Қазіргі инвестор халықаралық стандартқа сай нақты деректерді талап етеді. Сондықтан біз метрлік дәлдікпен егжей-тегжейлі зерттеу жүргізетін жаңа деңгейге көштік. Бұл әлеуетті алаңдарды ерте кезеңде анықтауға және зерттеуден игеруге өту процесін жеделдетуге мүмкіндік береді, — деді Қанат Ерубаев.
Өткен жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта егжей-тегжейлі зерттеу жобалары жүзеге асырылған. Жобалар кешенді тәсілмен жүргізіліп, заманауи әдістер қолданылды: жерді қашықтан зондтау, аэрогеофизика — магниттік және гамма-спектрометриялық түсірілім, геохимиялық зерттеу (IONIC leaching әдісі), зертханалық талдау, бұрғылау және ұңғымаларды геофизикалық зерттеу.
— Арал бассейніндегі зерттеулер геологиялық құрылымды нақтылауға, жаңа элементтерді бөліп көрсетуге және болжамды мұнай мен газ қорын бағалауға мүмкіндік берді. Мұнай мен газ қоры бар 20-дан астам алаң анықталды. Биыл Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі осы алаңдарға жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін аукциондар өткізеді. Сонымен қатар аз зерттелген басқа бассейндерде жаңа сейсмикалық барлау жобалары іске қосылады, — деді ол.
Осыған дейін Президент геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті екенін баса айтқан еді.