Қазақстанда құрма бағасы қанша

0 4

Рамазан айында құрма дастарханға қоятын негізгі тағамға айналады. Ораза ұстайтын кез келген адам дұға тілеп, ауызашарда алдымен құрма жейді. Kazinform агенттігінің тілшісі Қазақстандағы құрма бағасын салыстырып, бірнеше сұрпы туралы ақпарат жинады.

Құрма еліміз бойынша Алматы қаласында арзан. Қазір мұнда шағын қораптағы құрма бағасы 620 теңгеден басталып, 1 300 теңгеге дейін жетті. Ал Семей қаласында баға 700-1 000 теңге, Түркістанда 650-1 100 теңге аралығында. Көкшетау қаласында құрма бағасы 980 теңгеден басталса, Талдықорғанда 950 теңге және одан жоғары.

Еліміздің астанасында баға 900-1 400 теңге аралығында болса, Ақтөбе қаласының тұтынушылары құрманы 1 000-1 200 теңгеге сатып алып жүр. Ал Павлодарда баға одан да жоғары. Қораптағы құрма бағасы — 1 600-1 730 теңге.

Қарағанды мен Жезқазғанда ирандық құрма бағасы 800 теңгеден басталып, кей жерлерде 1 600 теңгеге сатылады. Атырауда бағасы — 1 200 теңге. Ирандық құрманы келілеп сатып алса баға 3 500 теңге болады. Қостанай қаласында Иран мен Тунистен әкелінген құрма 800-1 500 теңгеден сатып жатыр. Ал сапалы сұрпы 2 500-3 500 теңгеге бағаланған.

Жалпы елімізде келілеп сатылатын құрма бағасы жоғары. Ең көп тарағаны — Medjool сұрпы. Шымкент қаласында оның бағасы 10 300-13 000 теңге болса, Қостанайда 12 000-15 000 теңге. Ал Қызылорда қаласында бұл құрмағы 6 800 теңгеге сатып алуға болады. Петропавлдағы баға 7 260 теңге, Талдықорған мен Ақтауда 7 000 теңге, ал Орал қаласында шамамен 5 000 теңге. Түркістанда «корольдік» құрманың келісі 4 300 теңгеден басталып, 7 000 теңгеге дейін жетті.

Сонымен бірге құрманың Sukkari, Mabroom және Ajwa түрлері бар. Олардың бағасы өңірлерде 7 500 теңгеден басталып, 9 750 теңгеге дейін жетеді. Ал кейбірінің бағасы 9 000 теңге болып тұр.

Қорыта келе Рамазан айында құрма бағасы 600-700 теңгеден басталып, кейбір сапалы сұрпы 15 000 теңгеге дейін жетеді. Баға құрманың қайда өскеніне, сұрпы мен өнімнің көлемі және сату әдісіне қарай өзгеріп отырады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.