Бірқатар заң мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкестендіру керек — Үкімет басшысы

0 2

Үкімет жаңа Конституцияны ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

— Қазақстандықтар Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін паш етті. Бүгінде жаһан жұртының Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығына және қабылданған Конституциямыздың прогрессивті сипатына куә болғанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның жоғары беделі мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айқын білдіреді. Өз кезегінде, біз Президенттің командасы ретінде, алдымызда тұрған мақсат-міндеттерге қол жеткізіп, реформалардың сапасы мен озық қарқынын қамтамасыз етуіміз керек, — деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заң мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс.

— Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек. Сонымен қатар Конституцияны ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту қажет. Бұл Ата заңды жаппай басып шығаруды, оны қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды, білім беру саласы үшін әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді талап етеді. Сондай-ақ еліміздің жаңа Конституциясы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, — деді Үкімет басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.