Almaty Arena-да 11,5 мыңнан астам жас домбырашының басын қосқан ауқымды флешмоб өтті. Қаланың түкпір-түкпірінен жиналған мектеп оқушылары бір мезетте күй мен заманауи композицияларды орындап, кеңістікті ұлттық аспаптың қуатты үнімен тербетті.
Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, алғашқы әуеннен-ақ зал ерекше атмосфераға бөленді: мыңдаған домбыра үні бір арнаға тоғысып, дәстүр мен қазіргі мәнерді ұштастырған тұтас музыкалық кеңістікке айналды.
Флешмоб репертуарында қазақстандық танымал композиторлардың шығармалары, сондай-ақ күйшівиртуоз Асылбек Еңсеповтің кеңінен танымал туындылары орындалды. Оның шығармашылығы бүгінде ұрпақтар арасындағы алтын көпірге айналған.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында сахна жұлдыздары мен Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері болды.
Флешмобқа қатысушылардың бірі – №189 мектептің оқушысы Нұрсұлтан Құдайбергенов. Ол осындай ауқымды іс-шараға қатысқанына қуанышты екенін айтып, Қазақстан халқын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.
Музыка пәнінің мұғалімі Қарлығаш Қалмамбетова да бұл бастамаға шәкірттерімен бірге қатысып, бірнеше апта бойы дайындық жүргізгенін атап өтті.
Бұл жетістік тіркеліп, домбырамен ең көп адамның бір мезетте күй орындауы ретінде Қазақстан рекордтар кітабына енгізілді.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Анатолий Висельский екі саусақпен кермеде тартылып тұру бойынша әлемдік рекордты жаңартқанын жазған едік.