Қазақстан-Ресей арасындағы сауда айналымы 30 миллиард долларға жуықтады

0 3

Екі ел арасындағы серіктестік қарым-қатынастар кеңейіп келеді. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесуде мәлімдеді.

Жиында екіжақты келіссөздер жүргізілді. Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп және энергетика, көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ экология саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында қазақ-ресей қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Соңғы жылдары өзара сауда көлемі 30 млрд-тық межеге едәуір жақындады, – деді О.Бектенов.

Сонымен қатар ол қос мемлекет арасындағы сауда айналымына тоқталды.

– Ресей Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы елдер қатарында. Мәселен, өткен жылдың 9 айында көршімізден $2,1 млрд инвестиция тартылды. Ал 20 жыл ішінде ресейлік тікелей инвестициялар көлемі $28,5 млрд-қа жетті. Қазақстан РФ экономикасына $9 млрд инвестиция салды, – деді ҚР Премьер-министрі.

Сондай-ақ ол еліміздің серіктестікті жаңа бағыттарда өркендетуге дайын екенін атап өтті.

Ал Ресей Үкіметінің төрағасы жаңа Конституция қабылдаған Қазақ елін құттықтады.

– Сізді және қазақстандықтарды тарихи оқиғамен, жаңа Конституцияларыңыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын. Референдум нәтижесі Қазақстан халқының ел Президенті, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заманауи әрі өркендеген мемлекет құру, республика азаматтарының әл-ауқатын арттыру бағытын қолдайтынын нақтылай түсті, – деді М.Мишустин.

Айта кетейік бұған дейін Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда маңызды рөл атқаратынын жазғанбыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.