Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар бірқатар заң жобасын бірінші және екінші оқылымда талқыға салады.
Алдымен отырыста депутаттар бастамашы болған Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қарау ұсынылады. Олар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының нормаларын іске асыруға бағытталған және бір палаталы Парламент – Құрылтайды құрумен, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуымен, сондай-ақ азаматтар Конституциялық Сотқа жүгінген кезде мемлекеттік бажды алып тастаумен байланысты.
Бірінші оқылымда Мәжіліс нотариаттық қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылайды. Құжатты депутаттар осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту үшін әзірледі. Ол тексеру рәсімдерін реттейді және уәкілетті органның өкілеттіктерін кеңейтеді. Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына негізделген қазіргі модель әділет органдарының бұзушылықтарға жедел ден қою мүмкіндігін айтарлықтай шектеп отыр. Жаңа нормалар сондай-ақ нотариустардың цифрлық заңнаманы, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану қағидаларын және деректерді ақпараттық жүйелерге енгізу мерзімдерін сақтамағаны үшін жауапкершілігін күшейтеді.
Сонымен қатар күн тәртібіне қорғаныс, әскери қызмет және әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру мәселелері жөніндегі депутаттық заң жобасы ұсынылды. Түзетулер қорғаныс, әскери қызмет және бітімгершілік қызмет туралы салалық заңдарға енгізіледі. Мемлекет басшысының 2024 жылғы 9 қазандағы тапсырмасын орындау үшін жоғары әскери лауазымдарға кандидаттардың цифрлық рейтингі жасалады. Бұған қоса, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауды күшейту жөніндегі нормалар қарастырылған.
Мұнан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне cайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын екінші оқылымда пысықтайды.
Палата депутаттары екінші оқылымда талқылайтын келесі заң жобасы — «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».
Құжатта мынадай нормалар қарастырылған:
- өндіріп алу шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайту арқылы атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары (айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алу) бойынша оңайлатылған іс жүргізудің қолданылуы кеңейтіледі, бұл азаматтардың қосымша шығыстардан арылуына мүмкіндік береді;
- Әділет министрлігіне өндірілген қаражатты өндіріп алушыларға аударудың нақты мерзімдерін белгілеу өкілеттігі беріледі, бұл ретте ісі әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс орналасқан өндіріп алушылардың құқықтары ескеріледі;
- сот орындаушыларына борышкерлерді көшіру (шығару) туралы он күн бұрын хабарлау міндеті енгізіледі, бұл оларға дайындалуға және басқа тұрғын үй табуға мүмкіндік береді;
- мәжбүрлеп орындату шараларын ұсыну мерзімі өтіп кеткен жағдайда, олардың барлығын жою нормасы енгізіледі.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы палатаның жалпы отырысында депутаттар телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және сайлауды жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымда педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері туралы Заң қабылдады.
Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды енгізуге және халықты сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметімен қамтамасыз етуге бағытталған.
– eGov, e-Otinish, ұлттық Aitu мессенджері және басқа да қосымшалар сияқты әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік сервистерге трафигі есептелмейтін, яғни тарифсіз қолжетімділікті енгізу ұсынылады. Сондай-ақ Заттар интернеті желілері жəне Тіркеп-белгіленген сымсыз абоненттік қолжетімділік сияқты жаңа технологиялар үшін құқықтық негіз жасалуда. Халықаралық транзиттік интернет-трафикті кедергісіз өткізу бөлек бекітіледі. Дата-орталықтарды салу немесе іске қосу кезінде оларды стратегиялық объектілер қатарына енгізу ұсынылады. Азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғау үшін заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіледі, – деді заң жобасының негізгі ережелерімен депутаттарды таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Ал депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаған «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен іліспе екі құжатта:
— радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы негізгі ұғымдар, объектілер мен субъектілер айқындалады;
— радиоактивті қалдықтардың түрлері және олардың пайда болу көздері белгіленеді;
— радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму пункттерінің құқықтық мәртебесі бекітіледі;
— мемлекеттік есепке алу мен бақылау тетіктері қалыптастырылады.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өкілеттіктері де нақты ажыратылған.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін салу және жабу туралы шешімдер қабылдайды, ал уәкілетті орган лицензиялау, қадағалау және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Мұнымен қоса, радиоактивті қалдықтарды есепке алу мен бақылаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі енгізіледі.
— Заң жобасының негізгі жаңашылдықтарының бірі – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Ұлттық оператор институтын құру. Халықаралық тәжірибе бұл модельдің тиімділігін растайды. Ұлттық оператордың болуы радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің бірыңғай, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тиімді жүйесін қамтамасыз етуге, функциялардың бытыраңқылығын болдырмауға және қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттарына кепілдік беруге мүмкіндік береді. Осындай құрылымдар әлемнің көптеген елінде табысты жұмыс істеп тұр. Ұлттық оператордың негізгі функциялары ретінде радиоактивті қалдықтарды жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді ұйымдастыру, сондай-ақ сақтау және көму пункттерін жобалау, салу және пайдалану ескерілген, — деді құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршин.
Палата мақұлдаған келесі заң жобалары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне cайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы.
Ондағы негізгі түзетулер:
— сайлау рәсімдерінің ашықтығын арттыруды, сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салуды;
— әкімдікке кандидаттардың дауыстары тең болған кезде қайта дауыс беру тәртібін белгілеуді;
— бір адамның бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімге кандидат болуға тыйым салуды;
— сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптар мен жауапкершілікті күшейтуді, сенім білдірілген адамдардың мәртебесін нақтылауды;
— сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттіктерін уақытша тоқтату мәселесін реттеуді;
— жаңадан құрылған немесе қайта ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық бірліктердегі сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімін айқындауды көздейді.
Мұнан бөлек, Мәжіліс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды ілеспе құжатпен бірге қабылдап, Сенатқа жіберді.
Депутат Жанарбек Әшімжанның айтуынша, бірінші оқылымнан кейін заң жобаларын жетілдіру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Депутаттар айтқан түзетулер заңның қолдану аясын кеңейтіп, оның мазмұнын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерді. Қаралатын мәселелердің ауқымы мен маңыздылығын ескеріп, заң жобасының атауын «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту ұсынылған.
– Заң жобасының өзегі – педагог мәртебесін нақты қорғау. Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді. Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды, — деді Ж. Әшімжан.
Сондай-ақ заң жобасында қағаз және электрондық форматта қатар жүретін «цифрлық бюрократияға» заңнамалық деңгейде тыйым салынады. Талантты мамандарды қолдау мақсатында халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грант тағайындау нормасы қарастырылды. Баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі де кеңейтілді. Білім мен тәрбие – тек мектептің ғана емес, отбасы мен мемлекеттің ортақ ісі екені нақты айқындалды.
Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 13 депутаттық сауал жолдады.