Шымкенттегі №1 облыстық перинаталдық орталығында ортақ салмағы сегіз келі шамасында болатын үшем дүниеге келді. Бұл – облыс бойынша жыл басынан бері өмірге келген екінші үшем.
Гүлжанат Пердебаеваның енді 5 баласы бар. Ұл мен қыздың анасы үшем болатынын төрт айлық кезінде білген. Жас ана үш ұл баланы 5 наурызда кесарь тілігі арқылы босанды. Дәрігерлердің айтуынша, 35-аптада туылған бірінші сәбидің салмағы – 2400 грамм, бойы – 45 см, екінші сәбидің салмағы – 2600 грамм, бойы – 46 см, ал үшінші сәбидің салмағы – 2700 грамм, бойы – 48 см.
«Бір аптадан аса уақыттың ішінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарды», — дейді дәрігерлер.
Елубаевтар әулетінде дүниеге келген үш атұстарға ата-әжелері ырымдап Ерасыл, Нұрасыл, Жанасыл деген ат қойған. Олар осыдан үш жыл бұрын атажұртқа Өзбекстаннан көшіп келген.
Жалпы статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады. Осы уақыт ішінде 81 үшем туылған. Ал бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны – 800-ге жуық. Он жылда туылған жергілікті егіздер саны 7 мыңнан асады. Тек соңғы мерекелік бес күннің өзінде облыс аумағында 700-ге жуық сәби дүние келген.
Дереккөз: Baq.kz