Облысымызда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген құрмет қашан да жоғары. Атап айтар болсақ, өткен жылы облыстағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 9 мамыр — Жеңіс күні мерекесіне орай 150 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік төлемдер берілген болса, биыл 75 ҰОС-на қатысқан ардагерге 300 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілмек, — деп жазады «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Яғни, облыс әкімі А.И.Мырзахметовтың шешімімен ағымдағы жылы Тараз қаласы және аудандық бюджеттерге өзгерістер енгізіліп, ардагерлер мен оларға тенестірілгендерге және тылда қызмет еткен еңбеккерлерге біржолғы әлеуметтік төлемдер көлемі екі есеге арттырылып, жалпы алғанда 200 млн.теңгеден астам қаржыны құрап отыр.
Екіншіден, тараздықтар былтыр Жеңіс күнін қайта жаңғыртылған «Жеңіс» саябағында кең көлемде атап өткені белгілі. 34 жыл бұрын салынған саябақ өңір басшысының бастамасымен түрленіп, жаңаша кейіпке енгеніне барша тұрғындар куә. Саябақта екінші дүниежүзілік соғысқа арналған үлкен мемориалды кешен орнатылды. Батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіші, «Мәңгілік алау» осы жерге сәтті көшірілді. Бұрын онда «Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағы» деген атаудан басқа тарихи оқиғаға қатысты жәдігер жоқтың қасы болатын. 30 жылдан бері жөндеу көрмеген жасыл бақты заманауи келбетке келтіру үшін 3 кезең бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жамбылдық 48 батырдың есімі жазылған «Батырлар аллеясы», осы өңірден майдан даласына аттанған 100 мыңнан астам ардагердің аты-жөні мәрмәр тасқа қашап жазылды. «Даңқ аллеясы», Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтар және Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюшыларға арналған ескерткіштер ашылды.
Бұлардың бәрі өз кезегінде өңірден шыққан барша марқұм майдангерлер мен арамызда жүрген ардагерлерге көрсетілген құрметтің, олардың ерлігіне жасалған тағзымның белгісі десек артық айтқандық емес.