Бүгін Отан қорғаушылар мерекесіне орай Тараз қаласында 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, — деп xабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.
Пәтер кілтін иеленгендер қатарында Ұлы отан соғысының ардагері, жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылғандар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Олардың ішінде барлығы 35 көпбалалы отбасы баспаналы болып отыр.
«Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды.
8-наурыз мерекесіне Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тапсырылса, 1-мамыр мерекесіне орай Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер тапсырылды. Оның ішінде, 57 пәтер көпбалалы отбасына берілді. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлініп отыр»- деді Асқар Исабекұлы өз сөзінде.
Аталмыш тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы тұрғызылған болатын. Құрылысын мердігер «Агроспецстрой» ЖШС-гі жүргізген.
Пайдалануға беріліп отырған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі және арендалық айлық төлем көрсеткіші 5500-6000 теңге көлемінде белгіленген.
Айта кетейік, «Байтерек» мөлтек ауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы 62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал, бүгін ондағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды.