Астаналық дәрігерлер Арыста көлік астына түсіп, елордада ем алған Аян Шәріпбаевтың қайтыс болуына қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бала 28 маусым күні Шымкент қаласынан елордаға жеткізілді. Ол ауыр жағдайда, түрлі дене жарақатымен келіп түсті. Баланы аман алып қалу үшін бар жағдай жасалып, мамандар жұмылдырылды. Отандық дәрігерлерден бөлек, арнайы Мәскеуден нейрохирург маман шақырылды. Осы уақытқа дейін тиісті ем-шарамен қатар, 25 шілде күні оның басына ота жасалды», — дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Әйгерім Лебаева.
Оның айтуынша, бала бүгін таңертең сағат 09:00-де көз жұмған.
Айта кетейік, Арыста жараланған 8 жасар Аян Шәріпбаевтың қайтыс болғаны туралы ақпаратты қалалық денсаулық сақтау басқармасы растаған болатын.