Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталатын Құрбай айт та жақындап келеді. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбандық шалу барысында орындалуы тиіс талаптарды атады,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
- «Бұл күні Меккеге барған қажылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға шамасы келмеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады», — делінген басқарманың сайтында жарияланған ақпаратта.
Құрбандық шалатын адамға қойылатын талаптар:
- — ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы;
- — тұрғылықты мекенде болғаны, яғни, сапарда болмағаны абзал;
- — нисап мөлшерінда артық дәулеті бар адам болуы.
«Бірақ, бұл жағдайы төмен адам құрбан шалмасын деген сөз емес. Ондай құрбандық нәпіл құрбан үкіміне жатады», — делінген басқарманың мәліметінде.
Құрбанға қандай мал шалынуы тиіс?
- — бес жасар түйені 7 адам бірігіп немесе бір адам шала алады.
- — екі жасар сиыр малын 7 адам бірігіп немесе 1 адам шалуына болады.
- — бір жасар қойды 1 адам шалады.
«Құрбан малын ниетті адамның өзі шалса, сауабы әлдеқайда көп деп саналады. Алайда, басқа адамға өкілдік беруге де болады. Ол үшін телефон арқылы немесе хат-хабар арқылы шараны біреуге нақты уақытын айтып тапсыру қажет. Өкілдікті қабылдаған адам құрбандық шартын ниетті адамның айтуы бойынша атқарады», — дейді дін өкілдері.
Құрбан шалу тәртібі қандай?
- — пышақ малдың көзінің алдында қайралмауы керек;
- — малды сол жамбасына жығып, кеудесімен құбылаға қарату қажет;
- — құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан);
- — бауыздар алдында «Бисмиллә, Аллаһу әкбар!» деп айту;
- — малдың өңешін, кеңірдекті және мойынның екі жағындағы тамырды бір мезетте кесу;
- — малдың қаны толық ағып, жаны шыққанша күту қажет.
Құрбандыққа қандай мал шалынбайды?
- — малдың бір немесе екі көзі бірдей соқыр болса;
- — құрбан шалу орнына өз бетімен жете алмайтындай ақсақ болса;
- — тістерінің көбі жоқ болса;
- — мүйіздері сынған немесе бір сыңары түбіне дейін жоқ болса;
- — бір немесе екі мүйізі түбіне дейін кесілген болса;
- — құйрығының жартысы немесе одан көп бөлігі жоқ болса;
- — мал тым әлсіреген күйде болса;
- — туғаннан құлағы немесе құйырығы болмаса;
- — лас қалдықпен тамақтанып жүрген мал жарамсыз.
Қандай кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамды?
- — көруі нашар;
- — бір аяғы ақсақ болса да, жүре алатын болса;
- — мүйізінің бөлшегі сынық болса немесе туғаннан тоқал болса;
- — санаулы тісі жоқ болса;
- — құйрығының немесе құлағының кішкене бөлігі жоқ болса;
- — құлағы тесілген болса;
- — қышыма;
- — пішілген болса құрбандыққа шалуға болады.
Құрбанға шалынған малдың етін қалай үлестіру қажет
— еттің 3/1 бөлігін өзінің отбасына, бала-шағасына
— 3/1 бөлігі туған-туыстары мен көршілеріне
— 3/1 бөлігін кедей және мұқтаж жандарға үлестіру абзал.
Дін мамандары құрбанға шалынған малдың терісі қасапшыға қызмет ақысы ретінде берілмейтінін ескертеді. Оны сатып, ақшасын садақа ету қажет.
Құрбан шалудың тыйымдары қандай
— шалынған малдың терісі мен қалған еті, басы мен басқа да бөлшектері сатылмауы тиіс
— малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды
— соятын малға қатыгездік танытуға болмайды
— өтпейтін пышақпен бауыздауға тыйым салынады.
Еске салайық, биыл Құрбан айт мерекесі 11 тамыз – жексенбі күні басталады.