Қарағанды облысындағы Қарқаралыда ұлттық парк отқа оранды, — деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қарқаралыдағы осы өртке байланысты төтенше жағдай жарияланған. Тау бөктеріндегі ну орманға лап қойған өрт екі күннен бері сөнер емес. Тілсіз жау 500 гектардан астам жерді шарпып үлгерген.
Қазір өртпен 150 ден аса адам алысып жатыр. Жалынның бетін қайтаруға өткелсіз жер мен қатты жел кедергі келтіреді.
ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, алғашында жазық даладағы шөп жанған. Кейіннен орманның шетіне ілігіпті. Оттың тұтануына адами фактордың да әсері болуы мүмкін дейді өрт сөндірушілер. Қазір тоғайдағы жалынға тікұшақпен тасылған су құйылып жатыр. Жыл басынан бері облыс аумағында 15 рет орман өрті болған.
Мамандар тілсіз жаудың жиілеуіне аптап ыстықтың қайтпауы себеп дейді.
«Өрт Егіндібұлақ ауылынан 30 шақырым жердегі даладан басталған. Артынша Қарқаралы ұлттық паркінің Бақты орман шаруашылығындағы орманға түсіп отыр. Қазір өртті сөндіруге 2 тікұшақ жұмылдырылды. Отты өшіруге қатты жел мен күннің ыстығы да кедергі болып жатыр», — дейді Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары Біржан Кәрімов.
Дереккөз: tengrinews.kz