Мемлекет басшысы Франция бизнесінің өкілдерімен кездесті
ҚазАқпарат — Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Франция Қазақстанның Еуропалық одақ аясындағы негізгі серіктесі екенін және еліміздің екіжақты ықпалдастықты дамытуға баса мән беретінін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Екі мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастар тұрақты әрі жоғары деңгейде. Біз Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға жасайтын алдағы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуымен Orano, Alstom, Air Liquide, Airbus сияқты 160-тан астам трансұлттық компания жұмыс істейді. 2018 жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 32 пайызға артып, 4,5 миллиард долларға жетті.
– Мен мұны жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Соған қарамастан оны жақсартуға үнемі ұмтылуымыз керек. Биылғы көрсеткіштерде де оң қарқын байқалады. 9 айдың ішінде тауар айналымы 5,5 пайызға өсіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Жалпы Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі 16 миллиард долларға жуық, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда табысты бизнес жүргізу үшін жағдай жасалғанын атап өтіп, бизнес-ахуалды жақсартуға, кедергілерді азайтуға және еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартуға бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Дереккөз: inform.kz